- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "Атамекен" кәсіпкерлікті дамыту жолындағы негізгі әлеуметтік желіні атады
"Атамекен" кәсіпкерлікті дамыту жолындағы негізгі әлеуметтік желіні атады
Кәсіпкерлердің 70%-дан астамы әлеуметтік желіні бизнеске пайдаланады.
29 Қазан 2026, 10:15
Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің әлеуметтік желіні бизнес мақсатында пайдалану жиілігі артып келеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан компаниялардың 70%-дан астамы TikTok платформасын айына кемінде бір рет пайдаланады. Ал кәсіпкерлердің 88,3%-ы оның жаңа клиенттер тартуға оң әсер ететінін айтқан.
Бұл деректер цифрлық технологиялардың кәсіпкерлік үшін маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында да цифрлық экономиканы дамытуға және шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-ға жеткен, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70%-ға жақындаған. Сонымен бірге кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы сауда саласында жұмыс істейді. Сондықтан бизнес құрылымын әртараптандыру, өнім өндіретін кәсіпорындарды көбейту және орта бизнесті дамыту маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Президент Үкіметке орта бизнесті дамыту жөніндегі арнайы жоспар әзірлеуді тапсырды. Онда кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру және технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері қарастырылуы керек. Сондай-ақ кәсіпкерлердің өнім өндіруіне және оны өткізуіне жағдай жасау қажеттігі айтылды.
Жолдауда цифрлық экономиканы дамыту мәселесі де көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық экономика құруға міндетті екенін атап өтіп, жаңа технологияларды халық игілігіне пайдалануға шақырды. Мемлекет басшысы цифрландырудың келесі кезеңінде адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге көшу керектігін айтты. Яғни азаматтар тұрғылықты жеріне қарамастан, цифрлық құралдар арқылы заңды табыс табуға мүмкіндік алуы керек.
Осы мақсатта кәсіпкерлікті қолдаудың қазіргі тетіктерін маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру міндеті қойылды. Келесі жылы Үкімет пен бизнес қауымдастығы бірқатар өңірде цифрлық дамуға қатысты пилоттық жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің де өз тауарларын өткізуіне көмектесуге бағытталған.
Кәсіпкерлер әлеуметтік желіні қаншалықты жиі пайдаланады?
Зерттеу екінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді. 2026 жылғы қыркүйек–қазан айларында өткен сауалнамаға Қазақстанның барлық 20 өңірінен 206 компания қатысты. Зерттеу жеті саланы қамтыды. Олар – мәдениет, ойын-сауық және туризм; денсаулық, сұлулық және спорт; азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды өндіру мен сату; қоғамдық тамақтандыру; білім беру және жылжымайтын мүлік саласындағы қызметтер.
2026 жылы сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 43,7%-ы платформаны бизнес мақсатында ай сайын пайдаланатынын хабарлаған. Өткен жылғы зерттеуде бұл көрсеткіш 29,5% болған. Осылайша, бір жылда көрсеткіш 14,2 пайыздық тармаққа өскен.
Ал компаниялардың 27,2%-ы әлеуметтік желіні апта сайын немесе одан да жиі қолданады. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысушылардың 70%-дан астамы оны айына кемінде бір рет пайдаланады.
Бұл үрдіс нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан компанияларға да, жаңадан құрылған кәсіпорындарға да тән. Мәселен, он жылдан астам уақыт жұмыс істеген компаниялардың 31%-ы платформаны маркетингтік мақсатта апта сайын немесе одан да жиі қолданады.
Жас кәсіпорындар арасындағы көрсеткіш те назар аударуға тұрарлық. Бір жылдан аз уақыт бұрын құрылған компаниялардың 15,4%-ы платформаны аптасына кемінде бір рет пайдаланады. Бір жылдан үш жылға дейін жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындарда бұл көрсеткіш 30,8%-ға, үш жылдан бес жылға дейінгі компанияларда 32,2%-ға жеткен. Ал бес жылдан он жылға дейінгі кәсіпорындар арасында апталық пайдалану көрсеткіші 20% болған.
Әлеуметтік желіден түсетін табыс артып келеді
Былтырғы зерттеумен салыстырғанда, платформадағы белсенділіктен түсетін табысы жалпы кірісінің 5%-ынан асатын компаниялардың үлесі 12,3 пайыздық тармаққа өсіп, 57,8%-ға жеткен.
Сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 14,6%-ы үшін мұндай табыс жалпы кірістің кемінде төрттен бірін құрайды. Ал платформаны апта сайын пайдаланатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шамамен 11%-ы жалпы табысының жартысынан астамы осы жердегі белсенділікпен байланысты екенін айтқан.
Бұл деректер әлеуметтік желіні тұрақты пайдалану мен кәсіпкерлердің одан түсетін табысқа берген бағасы арасында оң байланыс бар екенін көрсетеді.
Жаңа клиенттер тартуға мүмкіндік береді
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың 88,3%-ы платформаның жаңа клиенттер тартуға оң ықпал ететінін айтқан. Кәсіпкерлердің 83,5%-ы оның клиенттермен өзара әрекеттесуге көмектесетінін көрсетсе, 73,3%-ы бизнесінің бәсекелестер арасында ерекшеленуіне ықпал ететінін атап өткен.
Компаниялар арасында ең кең тараған тәсіл – бейнематериалдар жариялау. 2026 жылы сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 77,6%-ы осындай контент ұсынған.
Сонымен қатар контент авторларымен ынтымақтастық орнататын компаниялардың үлесі де артқан. Өткен зерттеуде бұл көрсеткіш 10,4% болса, биыл 22,8%-ға жеткен. Ал сауалнамаға қатысушылардың 18%-ы ақылы жарнаманы пайдаланатынын айтқан.
Дегенмен бейнематериал жариялау мен ақылы құралдарды пайдалану арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі платформаның мүмкіндіктерін толық пайдаланбай отырғанын аңғартады. Демек, цифрлық маркетинг арқылы бизнесті одан әрі дамытуға мүмкіндік бар.
Маркетингке жұмсалатын шығындарды тек ақылы жарнама мен контент авторларына төленетін қаражатпен шектеуге болмайды. Оған бейнематериал өндіру, әлеуметтік желілерді жүргізетін мамандардың еңбекақысы және өзге де маркетингтік қызметтер кіреді.
Зерттеуде осы шығындардың барлығы есепке алынған. Нәтижесінде платформада ілгерілетуге бюджет бөлетін компаниялардың үлесі 2025 жылғы 62,3%-дан 2026 жылы 75,7%-ға дейін өскені анықталған.
Сондай-ақ маркетингтік бюджеттегі платформаның үлесі мен кәсіпкерлердің оған байланыстыратын табысы арасында оң байланыс байқалған. Әлеуметтік желіге арнайы бюджет бөлмейтін кәсіпорындар өз табысының орта есеппен 3,9%-ын осы арнамен байланыстырады. Ал маркетингтік бюджетінің 70%-дан астамын осы бағытқа жұмсайтын компанияларда бұл көрсеткіш орта есеппен 42%-ға жеткен.
Қай салаларда өсім жоғары?
Зерттеу деректері кәсіпорындардың әлеуметтік желімен байланыстыратын табысы салаларға қарай әртүрлі екенін көрсетеді.
Өткен сауалнамамен салыстырғанда, жалпы түсімінің кемінде 5%-ын осы платформаға жатқызатын компаниялар үлесі ең көп өскен сала – жылжымайтын мүлік қызметтері. Мұнда көрсеткіш 40,6 пайыздық тармаққа артып, 66,6%-ға жеткен.
Мәдениет, ойын-сауық және туризм саласында өсім 24,7 пайыздық тармақты құрап, көрсеткіш 60,5%-ға дейін көтерілген. Азық-түлік тауарлары сегментінде де оң өзгеріс бар: өсім 18,1 пайыздық тармақ болып, үлес 56,8%-ға жеткен.
Қоғамдық тамақтандыру саласында көрсеткіш 68% болса, азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде 53,5% болған. Бұл салаларда әлеуметтік желі арқылы ілгерілетуге байланысты табыс үлесі жоғары деңгейде сақталып отыр.
Сонымен бірге зерттеу нәтижелері платформаны пайдаланудың тиімділігі әр салада бірдей емес екенін аңғартады. Кейбір бағыттарда кәсіпкерлердің оны қолдану мүмкіндігі әлі де толық ашылмаған.
Кәсіпкерлердің табысына қосатын үлесі қанша?
Зерттеушілер кәсіпкерлердің әлеуметтік желідегі белсенділікпен байланыстыратын кірісінің ықтимал көлемін бағалау үшін арнайы модель құрған. Есептеу кезінде компаниялардың айналымы, осы платформаға жатқызатын табыс үлесі және шағын және орта бизнес субъектілерінің саны туралы ресми статистика ескерілген.
Өткен жылғыдай, биыл да үш сценарий қарастырылған. Бірінші сценарийде платформаны кәсіпкерлердің 10%-ы белсенді пайдаланады деп есептелсе, екінші жағдайда бұл үлес 15%-ға, үшіншісінде 20%-ға жетеді деп алынған.
Консервативті сценарий ретінде 10% деңгейі таңдалған. Зерттеуде бұл көрсеткіш Ұлыбритания мен Австралияны қоса алғанда, басқа елдердегі ұқсас зерттеулердің нәтижелерімен сәйкестендірілген.
Осы есеп бойынша, 2026 жылы платформаны пайдаланумен байланысты Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің табысы шамамен 531,6 млрд теңге болуы мүмкін. Кәсіпкерлерді қамту деңгейі 15% болатын орташа сценарийде бұл сома 797,4 млрд теңгеге, ал қамту деңгейі 20%-ға жететін жағдайда 1 трлн 63,2 млрд теңгеге дейін өседі.
Бұл сомаларды Қазақстанның жалпы ішкі өнімімен салыстырғанда, олар тиісінше ЖІӨ-нің 0,33%-ына, 0,50%-ына және 0,67%-ына тең. Өткен жылғы зерттеуде осы сценарийлер бойынша көрсеткіштер шамамен 0,16%, 0,25% және 0,33% болған.
Дегенмен бұл сандарды платформаның Қазақстан экономикасына қосқан тікелей үлесі деп қабылдауға болмайды. Олар кәсіпкерлердің өз табысының белгілі бір бөлігін осы арнамен байланыстыруына және зерттеушілер қолданған есептеу моделіне негізделген.
Бағалау кезінде жұмыс орындарының құрылуы, жеткізу тізбектерінің дамуы және үй шаруашылықтарының тұтынуына ықпал ету сияқты жанама әсерлер есепке алынбаған.
Ең оқылған:
- «Ұстаз сабақ бере ме, әлде ата-анадан сөз ести ме?»: Аймағамбетов мұғалімдердің жанайқайын жеткізді
- Жолдау-2026: Еліміз қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру маңызды
- Алматыда мемлекеттік балабақшаларда Жаңа жылдық ертеңгіліктер өтпей ме? Басқарма жауап берді
- 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін: Депутат ең төменгі жалақыға қатысты пікір білдірді
- «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері»: Президент Жолдауының толық мәтіні
Бакберген Айдынұлы