Атам туралы айтарым бар...

9 Мамыр 2020, 17:50
2124
Бөлісу:
Атам туралы айтарым бар...
PHOTO
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шәкірт тәрбиелеуді өмірлік мұратына айналдырған Аманбай Үсембеков небәрі 19 жасында майдан қатарына шақырылады.

"Соғысқа 19 жасында аттанған атам туралы айтарым бар. Жеңістің 75 жылдығында менің де атам ескерусіз қалмасыншы" деп редакциямызға хабарласқан елордалық Ботакөз Аманбай жауынгер атасы туралы бұрын-соңғы еш жерде жазылмағанын айтады.

WhatsApp Image 2020-05-09 at 17.52.22.jpeg

1923 жылы Нұра ауданында дүниеге келген Аманбай Үсембеков бала кезінен ұстаз болуды армандайды. Жеті жылдық білімі бар жеткіншек ата-анасына қолғабыс етіп, еңбекке ерте араласады. Алайда, шәкірт тәрбиелеуді өмірлік мұратына айналдырған бозбала небәрі 19 жасында майдан қатарына шақырылады. 1942 жылы арнайы әскери дайындықтан өтіп, көп ұзамай оқ пен оттық ортасына қойып кетеді. Жауынгер Брянск, Центральный, Бірінші Белорусь фронттарында шайқасады. Талай рет жараланып, жауға қарсы соғыста сәтсіздікке ұшыраса да, командирлер нұралық сарбаздың бойынан ерекше өжеттілік пен қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдай білетін қабілетін байқайды. Сол үшін де көп ұзамай сержант дәрежесіне көтеріледі.

Кейін Аманбай Үсембеков Варшаваны азат етіп, Берлин операциясы мен Берлинді басып алуға қатысады. Қазақ сарбазы соғыс аяқталған соң елге бірден оралмайды. Ол 1947 жылға дейін соғыс салдарынан жапа шеккен неміс шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарын атқарады. Елге оралған соң өзі армандаған саланы таңдап, бастауыш сыныптарға мұғалім болып қызмет етеді. Алайда, сұрапыл соғыс кезінде алған жарақаттары пен окоптардағы сіңірден өткен суық денсаулығына залалын тигізбей қоймады. Шәкірттеріне елі мен жерінің патриоты болу қасиетін бар күші мен тәжірибесін сала үйретіп келе жатқан ұстаз небәрі 40 жасында дүниеден озады.

Атасын көзі тірісінде көрмесе де, 4 баламен жалғыз қалған әжесінің тәлімін алған Ботакөз батыр бабасын сағынышпен еске алды.

"Әкеден қыз қалса – із қалады, ұл қалса – өзі қалады" дегендей атамның соңында бір ұл (яғни, менің әкем), үш қызы қалған екен. Біз немерелері атамызды көре алмасақ та, әжеміз Мәдинаның тәлімін алып ержеттік. Әжеміз төрт баласын тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай тәрбиелеп, әр қайсысын оқытып, 72 жасында көз жұмды. 35 жасынан жесір қалған әжеміз атамызды жоқтатпаған екен, - деді ол.

Немересінің сөзінше, сарбаз Аманбай Үсембеков неміс тілін жетік білген көрінеді.

Біз кішкентай болдық, атамызды әжеміз Мәдинаның естеліктерінен ғана білеміз. Әжемнің айтуы бойынша Аманбай атам неміс тілін жетік білген екен. Бірде барлаушы болып жүрген атам кезекті тапсырма алып, тіл әкелуге шығады. Көктем уақыты, Днепр өзені тасып жатқан кез. Тіл әкелу үшін Днепрден өту керек. Амал жоқ, өзенге түсіп қатты ағынмен арпалысып жүріп, арғы бетке бата жаздап әрең жетіпті. Өз өміріне қауіп төнсе де, берілген тапсырманы көзсіз ерлікпен орындағаны үшін кейін марапатталған. "Сонда тасып жатқан өзеннен өтуге қорықпадың ба?" деп сұрағандарға "өлім туралы ойламадым" дейді екен. Мұндай көзсіз ерлік жасаған жалғыз менің атам емес. Сұрапыл жылдардың өртіне шарпылып, қан кешкен бабалар рухы, әкелер ерлігін кейінгі ұрпақ ұмытпау керекпіз. Жеңіске үлес қосқан әр адамның есімі ел есінде мәңгі сақталса, - дейді жауынгердің немересі.
WhatsApp Image 2020-05-09 at 18.03.10.jpeg

Жеңіске қосқан үлесі үшін Аманбай Үсембеков ІІІ дәрежелі "Даңқ", "Қызыл жұлдыз", "Отан соғысы" ордендерімен, "Ерлігі үшін", "Варшаваны азат еткені үшін", "Берлинді алғаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдерімен марапатталған.

Аманбай Үсембековтің тәлімін алған шәкірттері әлі күнге дейін ұстаздарын жылы сөзбен еске алады. Ұлағатты ұстаз, жерін жау оғынан қорғаған майдангер, еліне адал қызмет еткен азамат ретінде Аманбай Үсембековтің есімі ұмытылмасы хақ.

Өзгелердің жаңалығы