Ата заң Қазақ хандарынан Тәуелсіз Қазақстанға дейін қалай өзгерді?

30 Тамыз 2024, 10:27
668
Бөлісу:
Ата заң Қазақ хандарынан Тәуелсіз Қазақстанға дейін қалай өзгерді?
Фото: ЖИ

Ата заң - еліміздің ең басты әрі маңызды құжаты. Ол 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Содан бері Ата заңға бірқатар өзгеріс енгізілгені белгілі. 2022 жылы ауқымды референдум өтті. Бұл бастау Қазақстанның жаңа жолын айқындайтын шешім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

15-17 ғасыр аралығындағы қазақ заңдары қандай болған?

Ата-бабамызда заң заңға бағыну ертеден қалыптасқан. Қазақ хандығының дәурені жүріп тұрған заманда алғашқы заңды Әз-Жәнібектің ұлы Қасым хан қабылдады. Ел есінде ол «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі.

Қасым ханның реформалары ғасырлар бойы тұтастай қалыптасқан көшпелілер өмір салтына нұқсан келтірместен белгілі бір жаңалықтар енгізді, әрі олар көлемді болды, – деп сипаттайды қазақ заңгері, академик С. Зиманов.

Қасым ханның заңдары, яғни «Қасқа жолы», қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрыптарына негізделді және негізгі бес бөлімнен тұрды:

1.Мүлік заңы— меншікке байланысты қатынастарды реттейтін ережелер. Бұл заң бойынша мал-мүлікке, жерге, қазынаға және басқа да байлықтарға иелік ету құқықтары қарастырылған.

2. Қылмыс заңы — қылмыс пен жаза туралы ережелер. Қасым ханның заңдарына сәйкес, қылмыс жасағандарға қатаң жаза қолданылған.

3. Әскери заң — әскери міндеттер мен тәртіптерді реттейтін ережелер. Әрбір азаматтың ел қорғаудағы міндеттері, әскери қызметке шақыру тәртібі осы заңдарда көрсетілген.

4. Елшілік заңы— халықаралық қатынастар мен елшілік істерге байланысты ережелер. Бұл бөлімде басқа елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату, елшілік дәстүрлерді сақтау туралы айтылған.

5. Жұртшылық заңы— қоғамдық тәртіп пен адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін ережелер. Бұл заңдарда ауылдағы және ел ішіндегі тәртіптер, қоғамдық өмірге қатысты нормалар белгіленген.

«Қасым ханның қасқа жолы» сол кездегі қазақ қоғамының заңдарын жүйелеп, мемлекеттілікті нығайтуға үлкен үлес қосты. Ол Қазақ хандығының саяси тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халық арасында танымал әрі беделді заңдар жүйесі болды.

Қасым ханның қасқа жолы 16 ғасырда да жалғасын тапты. Оған толықтырулар енгізіп, қазақ халқын тәртіп пен заң алдында тең ұстаған құжаттың бірі – “Есім ханның ескі жолы”. Қазақтың сол кездегі ханы Есім ханның заңы да 5 бөлімнен тұрған:

Бірінші - жер мен мал, мүлікке қатысты бап;

Екінші -қылмыс пен жаза;

Үшінші - әскери тәртіп пен қызмет;

Төртінші - халықаралық қатынастар;

Бесінші - дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар;

Жеті жарғы

17 ғасырдың аяғында күллі қазақтың басы бірікпей, ыдыраудың алдында тұрды. Тәуке хан елдің ауызбіршілігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамына елді бірлікке шақыратын жаңа заң керек еді.

«Жарғы» сөзі қазақша “әділдік, шешім” деген ұғымды білдірген. Заңда құжатта жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.

1-жарғы.Көтеріліс жасап,бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.(Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туды).

2-жарғы.Түркі халқының мүддесін сатып,елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы халықтың ортақ мүддесі –елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).

3-жарғы .Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірішулікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).

4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап,ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен,неке парызына адалықты талап еткен маңызы зор жаңалық).

5-жарғы.Өреде тұрған,тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.(Ол кезде «ер қанаты – ат» елдің,мемлекеттік соғыс күші ретіне бағаланады).

6-жарғы.Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а)біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді,ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә)төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.

7-жарғы.Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.

Кеңес құрамындағы Қазақстан заңдары қандай еді?

1926 жылғы конституцияға сәйкес, Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) құрамындағы құқықтық республика болды. Қазақ СССР Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда қабылданды. Бұл конституцияда мемлекеттік құрылысты, заң басқару нысанын, саяси режимді, мемлекеттік билік органдары құрылымын, атқарушы, өкім беруші органдары бекітілген. Мұнда сайлау құқығын, қаржылық құқықтық бастаулары белгіленген болатын.

Кеңес үкіметі тұсында ел аумағында екі заң қабылданды. Біріншісі - 1937 жылы 20 наурызда қабылданды. Бұл құжат бойынша Кеңес Одағының құрамында Қазақ ССР құрылды. Екінші заңнамалық құжат 1978 жылы бекітілді.

Қазақ КСР 1937 жылғы Конституциясы

1937 жылдың 26 наурызында Бүкіл қазақ Кеңестерінің Х төтенше съезінде Қазақ КСР-нің Конституциясы қабылданды. Қазақ ССР Конституциясы 11 бөлім және 124 баптан құрылды.

Конституция ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылдың 20 сәуірінде қабылданған. Ол кіріспе, 10 бөлім, 19 тарау мен 173 баптан тұрған. Жаңа Ата заңға сәйкес, үкімет билігі жұмысшы, шаруа, еңбек интеллегенциясының табына жататын халықта болды. Ал үкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР коммунистік партиясы бақылады. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды.

Тәуелсіз Қазақстанның заңдары

1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Заң - 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды. Конституцияда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, біртұтас мемлекет деп атап көрсетілген. Ұлттық, унитарлы мемлекеттің бұлжымастығы қуатталды. Қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі. Республика жері – біртұтас, ол бөлінбейді жəне оған қол сұғуға болмайды. Халық – мемлекеттік биліктің қайнар көзі. Қазақстан халқының атынан билік жүргізуге Республика Жоғарғы Кеңесінің жəне Президенттің құқығы бар. Республика азаматтарына заңды жолмен ақпарат алу, еркін қоныс аудару, жиналыстарға, шерулерге, митингілерге қатынасу, ереуілге шығу, меншік иесі болу құқығы берілді. Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адам басқа елдің азаматы бола алмайды. Шетелде тұратын қазақтарға тарихи отанына оралуға жол ашылды.

1993 жылғы Конституция екі жыл бойы Республиканың Негізгі заңы ретіндегі тарихи міндетін атқарды.

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда 98 баптан тұратын Қазақстан Конституциясы қабылданды. 1995 жылдан бері Ата заңға бес рет өзгеріс енгізілген. Қазіргі Конституция 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілдігін кеңейтетін елеулі өзгерістер енгізілген болатын. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттілігін ұлғайту жөнінде елеулі өзгерістер жасалды.

Жаңа Қазақстан кезеңіндегі өзгерістер

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасұлов 2022 жылғы 5 маусымда өткен референдумның нәтижелеріне тоқталды.

Заңгердің сөзінше, 2022 жылы Конституциялық реформа авторитарлық басқарудан халықтық биліктің демократиялық нысандарына тұрақты көшудің негізін қалады.

1)ҚР тұңғыш Президентінің билігін абсолюттендірген 46 және 91-баптардың нормаларын Конституциядан алып тасталынды;

2) қазіргі Президенттің саяси партиядан алыстауын қамтамасыз етті,

3)Президенттің жақын туыстарына жауапты лауазымдарда жоғары билік органдарында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Екіншіден, сонғы конституциялық реформалар негізгі мақсаты конституциялық заңдылық режимін қамтамасыз ету арқылы адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылатын ҚР Конституциялық сотын құрды. Үшіншіден, Реформа Парламент Мәжілісіне тікелей сайлауды қамтамасыз етті. Төртіншіден, заң шығару құзыреті тұрғысынан ҚР Парламенті Мәжілісінің функцияларын күшейтті, – дейді заңгер.

Әбдірасұлов азаматтардың тек партиялық тізімдер бойынша емес, депутаттыққа жекелеген кандидаттарға дауыс беру құқығын қалпына келтірілгенін атап өтті. 

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы конституциялық мәртебе деңгейіне көтерілді. Келесі шара, жергілікті мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару өкілеттіктері күшейе түсті, – деді ол.

Заң ғылымдарының докторы тағы бір жаңалық партиялардың Мәжіліске өту деңгейі 7 пайыздан 5 пайызға түсірілгенін айтады.

Мәселен былтыр жеті партия Мәжіліске өтеміз деп бақ сынасты. Бұған дейін өздеріңізге мәлім, бір партия басым дауыс жинайтын, биыл Amanat 53 пайыз дауыс жинады. Қазіргі депутаттардың 47 пайызы ол партиядан емес, басқа партиялар атынан сайланды. Мұндай нәтижелер бізді нағыз көппартиялық Парламентке әкеледі деп ойлаймын. Біз өркендеген елдердің тәжіриебесіне жақындай түстік деп айтуға әбден болады. Әрине Германияда ең мықты дейітін партияның өзі 27 пайыз дауыс жинайды, ал қалғандары 10-12 пайыздан дауысқа ие болады. Кейін олар 50 пайыздан астам дауыс жинау үшін серіктес партиялармен біріге бастайды. Сосын осы жолда Коалиция құрады. Міне, біз осы процестерге таядық десектартық айтпаймын. Бәрі Конституция енгізілген өзгерістердің арқасы деп білемін, - деді Ермек Әбдірасұлов.

Қазақстан заң жазуда қай елден үлгі алады?

Қазақстан Конституциясының негізі әлемнің көптеген дамыған елдерінің тәжірибесін, халықаралық құқық нормаларын ескеріп барып қабылданды. Сонымен бірге, Ата Заңымыз Конституцияның бірінші редакциясында Франция тәжірибесіне көбірек назар аударды, – дейді профессор Ермек Әбдірасұлов.

Заңгерден “Ата заңға тағы қандай баптар қосылуы керек?” деп сұрадық.

Меніңше, қазіргі таңда Конституцияда бәрі үйлесімді әрі жақсы жазылған. Конституцияны дұрыс және дәл іске асыру қажет. Жалғыз нәрсе, Ата заңымызда конституциялық соттың мәртебесін жеке емес, ҚР Сот төрелігі жүйесінде белгілеу қажет деп білемін. Сонда Конституциялық бақылау органы Конституциялық Сот төрелігі органы ретінде әрекет етеді. Сондай-ақ, конституциялық іс жүргізудің негіздерін сот ісін жүргізуге ұқсас етіп тағайындаса жақсы болар еді, – дейді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы