Ата заң: Хандықтан республикаға дейін таймлайн

30 Тамыз 2022, 12:03
2993
Бөлісу:
Ата заң: Хандықтан республикаға дейін таймлайн

Бүгін 30 тамыз Конституция күні. Елдің алтын тұғыры ұзақ жыл бойы қалыптасты. Бұл халықтың ең жоғары заңдық күшке ие құжаты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ата заңның мақсаты – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын Қазақстан Республикасының ең жоғарғы құндылықтарын қамтамасыз ету және қорғау (ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағы).

Конституция – Қазақстан халқын біріктіруші үлкен күш. Өйткені, дәл осы Ата заңның алғашқы сөйлемінде.

Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, - деген сөздер мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі - халық екенін көрсетеді.

Еліміздің Конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні республикалық референдумда қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді.


Біртұтас Қазақ хандығы

Халқымызда заңға бағыну ертеден қалыптасқан. Біртұтас Қазақ хандығы кезеңіндегі алғашқы заңның авторы - Қасым хан. Тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі.

Көрнекті қазақ заңгері, академик С. Зимановтың пікірінше:

Қасым ханның реформалары ғасырлар бойы тұтастай қалыптасқан көшпелілер өмір салтына нұқсан келтірместен белгілі бір жаңалықтар енгізді, әрі олар көлемді болды». Сонымен қатар, олар «жаңалығымен бірге, көшпелі қауымдарда күші бар немесе бір кездері күші болған ел керегіне жарайтын, құқықтық нормаларды жаңа тілектерге сай етіп қолдану тәртібіне арналған ережелер болды, – дейді ғалым. 

16 ғасырдың ортасына қарай Қасым ханның заңдары негізін ала отырып, толықтырулар енгізіп, қазақ халқын тәртіп пен заң алдында тең ұстаған құжаттың бірі – «Есім ханның ескі жолы». Авторы – қазақтың ханы Есім хан. 

Қазақ хандарының әзірлеген заңдары бес бөлімнен тұрған. Бірінші бөлімі жер мен мал, мүлікке қатысты бап, екінші бөлімі қылмыс пен жаза, үшінші бөлім әскери тәртіп пен қызмет. Төртіншісі, халықаралық қатынастар. Ал бесінші бөлімі дәстүрлерге арналған.

Жеті жарғы

Қазақ хандығының үшінші заңдық құжаты – Тәуке ханның «Жеті жарғысы». «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. «Жеті жарғы» – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін құжат. Заңдық құжатта жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. 

Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының жеті жарғысы: Әз-Тәукенің тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. 17-ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті.

1-жарғы.Көтеріліс жасап,бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.(Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туды).

2-жарғы.Түркі халқының мүддесін сатып,елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы халықтың ортақ мүддесі –елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).

3-жарғы .Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірішулікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).

4-жарғы.Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап,ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен,неке парызына адалықты талап еткен маңызы зор жаңалық).

5-жарғы.Өреде тұрған,тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.(Ол кезде «ер қанаты – ат» елдің,мемлекеттік соғыс күші ретіне бағаланады).

6-жарғы.Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а)біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді,ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә)төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.

7-жарғы.Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.

 1926 жылғы Қазақ СССР Конституциясы

1926 жылғы конституцияға сәйкес, Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) құрамындағы құқықтық республика болды. Қазақ СССР Конституциясы

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда қабылданды. Бұл конституцияда мемлекеттік құрылысты, заң басқару нысанын, саяси режимді, мемлекеттік билік органдары құрылымын, атқарушы, өкім беруші органдары бекітілген. Сондай-ақ, сайлау құқығын, қаржылық құқықтық бастаулары белгіленген болатын.

Кеңес үкіметі тұсында ел аумағында екі заңнама қабылданды. Біріншісі 1937 жылы 20 наурызда қабылданды. Бұл құжат бойынша Кеңес Одағының құрамында Қазақ ССР құрылды. Екінші заңнамалық құжат 1978 жылы бекітілді.

Қазақ КСР 1937 жылғы Конституциясы

1937 жылдың 26 наурызында Бүкіл қазақ Кеңестерінің Х төтенше съезінде Қазақ КСР-нің Конституциясы қабылданды. Қазақ ССР Конституциясы 11 бөлім және 124 баптан құрылды.

СССР Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ ССР-і өзінің тәуелсіз құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өз бетімен жүзеге асырады- деп жазылған.

 1937 жылғы Конституцияда экономикалық, саяси-қорғаныс, басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгертілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бекітілген, сондай-ақ жоғарғы республикалық және жергілікті өкімет органдарының, заңнамаларының орындалуын бақылау, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғау, салық салу деген секілді мәселелер қарастырылған. 1937 жылғы Конституцияда азаматтардың негізгі міндеттері мен құқықтары анықталған: еңбектенуге құқылы болу (96 бап), демалысқа құқылы болу   (97 бап), кәрілікте, еңбекке жарамсыздық және ауруға шалдығу жағдайында материалдық қамсыздандыру (98 бап), денсаулықты қорғау, сөз бостандығы, баспасөз, жиналыс, митинг, көше шерулері және демонстрациялардың кепілдіктері, адамның жеке басына, баспанасына қол сұғылмаушылық, азаматтардың жат жазуына, шетелдік азаматтардың бас сауғалау құқығы.

Қазақ КСР-дің 1978 жылғы Конституциясы

Конституция ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылдың 20 сәуірінде қабылданған. Ол кіріспе, 10 бөлім, 19 тарау мен 173 баптан тұрған. Жаңа Ата заңға сәйкес, үкімет билігі жұмысшы, шаруа, еңбек интеллегенциясының табына жататын халықта болды. Ал үкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР коммунистік партиясы бақылады. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды.

Тұңғыш Конституция: 1993 жыл

1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды.

Заң  - 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрады. Конституцияда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, біртұтас мемлекет деп атап көрсетілген. Ұлттық, унитарлы мемлекеттің бұлжымастығы қуатталды.

Қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі. Республика жері – біртұтас, ол бөлінбейді жəне оған қол сұғуға болмайды.

Халық – мемлекеттік биліктің қайнар көзі. Қазақстан халқының атынан билік жүргізуге Республика Жоғарғы Кеңесінің жəне Президенттің құқығы бар. Республика азаматтарына заңды жолмен ақпарат алу, еркін қоныс аудару, жиналыстарға, шерулерге, митингілерге қатынасу, ереуілге шығу, меншік иесі болу құқығы берілді. Қазақстан

Республикасының азаматтығын алған адам басқа елдің азаматы бола алмайды. Шетелде тұратын қазақтарға тарихи отанына оралуға жол ашылды. 1993 жылғы Конституция екі жыл бойы Республиканың Негізгі заңы ретіндегі тарихи міндетін атқарды.

1995 жылғы Конституция

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда 98 баптан тұратын Қазақстан Конституциясы қабылданды. 1995 жылдан бері Ата заңға бес рет өзгеріс енгізілген.

Қазіргі Конституция 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілдігін кеңейтетін елеулі  өзгерістер енгізілген болатын. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттілігін ұлғайту жөнінде елеулі өзгерістер енгізілді. 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы - жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген.  

2022 жылы Ата заң қалай өзгерді?

Еске салайық, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды.

Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан, мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, - деді Тоқаев.

Негізгі өзгерістер:

Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшеді;

Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;

Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;

Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;

Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;

Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;

Сенаттағы Президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;

Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;

Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады.

Өзгелердің жаңалығы