Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы «Жыр арқауы – Ата Заң» атты шығарманың таныстырылымында айтты.
Бүгін Қазақстанның әрбір азаматы үшін айтулы күн, себебі Ата Заң - біздің Тәуелсіздігіміздің төлқұжаты. Біздің мемлекеттілігіміздің алтын қазығы. Әрбір адамның құқығы осы Ата Заңмен қорғалады. Тәуелсіздік дейтін қасиетті ұғымымыздың, Ата Заңымыздың 25 жылдығына ақындардың үн қатпай қалуы мүлдем ақылға сыймайтын нәрсе. Ендеше біздің кешегі шекарадан тыс қалған «Еділім» деп жырлаған Қазтуған, Жамбыл атамыздан бастап бүгінгі ақындардың қайнарлы тіліндегі өлең тіркестері әрбір қазақтың жүрегінде ұлтқа деген махаббат айнымас сезім болу керек , - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, ол әр қазақ өлеңді жақсы көретінін, сондықтан Ата Заңды жырлау пайдалы екенін жеткізді.
Ата Заң әрбір қазақтың, оның ішінде ақынжанды, ақын қазақтың тілінде өлең болып өріліп жатса, бұл біздің жетістігіміздің нығайуына, көк байрағымыздың мәңгілік желбіреуіне өз үлесін қосады деп ойлаймын. Қазақ баласы өлеңді жақсы көреді, о бастан көшпенді қазақ ақын халық, ендеше қазақтың жүрегіне өлеңмен өрілген дүние тезірек сіңетінін білеміз. Сондықтан бүгінгі «Жыр арқауы – Ата заң» атты жинақтың қыздың баласындай оқырманға тарту болып келіп отыруы осы мерекенің басындағы бір тамаша оқиға. Қазақ ақындары ішінде Ата Заң жалпы мемлекеттің тұтастығын, Тәуелсіздік тұғырының биіктігі, беріктігі әрбір қазақ баласына аманат болса, соның ішінде қазақтың қуанышын да сүйіншілеп халыққа жеткізеді. Ата Заңды ардақ тұтатын қазақ баласына ұлтқа деген махаббаты сіңіру жолында ақындарымыз, жазушыларымыздың қаламынан қасиет каетпесін, - деді ақын.
Айта кетсек, бүгін, «Бала өрген Ата Заң» балалар суреттері мен эсселер жинағының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасының онлайн-таныстырылымы өтті.