Сырдария өзені бойындағы кең алқаптар ғасырлар бойы күріш шаруашылығының маңызды ошағы болып саналады. Бұл аймақтың қолайлы табиғи жағдайы мен құнарлы топырағы күріш өсіру үшін таптырмас мүмкіндік туғызады. Көп ғасырлық бай тарих пен дәстүр бүгінге дейін үзілмей, жаңарған үлгіде жалғасын тауып келеді.
Осы күріш шаруашылығын табысты дамытып келе жатқандардың бірі — "Таң ЛТД" ЖШС ұжымы. Бұл шаруашылықтың негізін қалаған және ұзақ жылдар бойы басқарып келген Имамзада Шағыртаев – Қазақстанның Еңбек Ері, агрономиялық ғылымдарының кандидаты, әрі саладағы тәжірибесі 40 жылдан аса маман. Ол өмірін күріш өсіру саласына арнаған еңбекқор әрі тәжірибелі маман. Қиын кезеңдерге қарамастан, кәсіптің тұрақты дамуына бар күшін жұмсап, өңірдің ауыл шаруашылығын жаңғыртуға ерекше үлес қосқан азамат.
.jpg)
Имамзада Шағыртаев күріш шаруашылығында ғылыми негізделген әдістерді енгізіп, заманауи технологияларды қолдануға көп мән берген. Оның басшылығымен шаруашылық күріштің өнімділігін арттырып, сапалы өнім өндіруде республика көлемінде танымал болды. Сондай-ақ, ол жас мамандарды оқыту мен тәжірибеден өткізуге ерекше көңіл бөлген, бұл саладағы кадрлардың біліктілігін арттыруға ықпал етті.
Қазіргі таңда оның ісін ұлы Ержан Имамзадаұлы жоғары жауапкершілікпен әрі заман талаптарына сай жалғастырып отыр. Олар бірге өңірдің ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосып, күріш өндірісін жаңа деңгейге көтеруде. BAQ.KZ тілшісі күріш өндірісінің бүгіні мен болашағы жайында Ержан мырзамен тілдескен еді.
Бұл кәсіпке әкемнің жолымен келдім
Ержан Имамзадаұлы күріш шаруашылығына әкесінің ізімен, ата жолын жалғастыру ниетімен келгенін айтады. Бұл кәсіп – оның отбасылық дәстүрі әрі өмірлік миссиясы.
Бұл салаға келуім кездейсоқтық емес. Әкем бастаған шаруашылықты ары қарай дамыту мен үшін үлкен жауапкершілік. Ол кісі күріш шаруашылығын 2003 жылы бастап, оны "Таң" ЖШС ретінде құрған. 2012 жылдан бастап "Таң ЛТД" ЖШС болып өзгертілді. Ата кәсіпті жаңғыртып, ауылымыздың дамуына үлес қосып жатқаныма қуаныштымын, — дейді Ержан мырза.
Оның айтуынша, бастапқыда көптеген қиындықтар болғанымен, әкесінің қалдырған негізі мен мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын біртіндеп өсті. Қазір "Таң ЛТД" — Сыр өңіріндегі ең ірі күріш өсіруші шаруашылықтардың бірі. Оның көлемі бастапқы 300 гектардан 5000 гектарға дейін кеңейіп, күрішпен бірге жүгері мен мал азығын да өндіру қолға алынған.
Отбасылық дәстүрді жалғастыру – мен үшін тек бизнес емес, ауылға деген адалдық, жауапкершілік. Әкемнің арманы мен еңбек жолын ұрпақтарымыз дамытып, одан әрі жетілдіре беруі тиіс деп есептеймін, — дейді кәсіпкер.
Осылайша, Ержан Имамзадаұлы күріш шаруашылығын дамытуда әкесінің жолын сенімді әрі табанды түрде жалғастыруда.
Алғашқы жылдардың ауыртпалығы
Ержан Имамзадаұлының айтуынша, кәсіп бастаған алғашқы жылдары оңай болмаған. Қиындықтар мен кедергілер өте көп кездескен.
Бастапқы кезде ең үлкен проблема — жұмысшылардың айлығы мен техниканың жетіспеушілігі болды. Кеңес заманынан қалған техника ескірген, жиі бұзылады. Жөндеуге уақыт кетеді, қосалқы бөлшектер табу қиын. Осындай жағдайларда кәсіпті дамыту оңайға соқпады, — дейді әке жолын жалғаған кәсіпкер.
Алайда 2011 жылдан кейін жағдай өзгерді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау шаралары күшейе түсті. «ҚазАгроФинанс» арқылы жаңа, заманауи техника алу мүмкіндігі ашылып, шаруашылықтың тынысы кеңіді, заманауи «John Deere» және «Claas» техникалары сатып алынып, егіс көлемі жылдан-жылға артып отыр.

Мемлекет субсидиялары мен жеңілдетілген несиелердің арқасында біз жаңа техникалар сатып алдық. Қазір 15 заманауи комбайн, тракторларымыз бар. Бұл біздің өнім көлемімізді арттыруға және егіннің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді, — деп атап өтті Ержан Имамзадаұлы.
Ең алғашқы кезде шаруашылық небәрі 300 гектар күріш алқабын игерген болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 5000 гектарға жетті. Оның 3500 гектары күріш алқабы болса, 1000 гектарында тамшылатып суару әдісімен жүгері егіледі. Бұл әдіс су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қалған 1500 гектар жер жоңышқа мал азығын өндіруге арналып отыр.
Кәсіптің алғашқы жылдарындағы қиындықтар енді артта қалды. Енді біздің басты мақсат — көлемді әрі сапалы өнім өндіру, ауылымыздың дамуына үлес қосу, — деп сөзін жалғады кәсіпкер.
Күріш шаруашылығында нақты есеп маңызды
Күріш шаруашылығы – ұқыптылық пен уақыт есебін талап ететін сала. Әр маусым дәл жоспарланып, белгіленген кестеге сәйкес орындалмаса, бүкіл жылдық еңбек зая кетуі мүмкін. Кәсіпкердің айтуынша, егіс жұмыстары ақпан айында-ақ басталып кетеді.
Алдымен – дайындық кезеңі. Бұл уақытта техникалар күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа маусымға әзірленеді. Кейін наурыз-сәуір айларында жер жырту, тегістеу жұмыстары жүреді. Суармалы егін шаруашылығында жердің тегістігі аса маңызды. Осы орайда шаруашылықта арнайы лазерлік жер тегістегіш техникасы қолданылады. Бұл құрылғы суды біркелкі таратып, үнемдеуге септігін тигізеді.
Күріш егу жұмысы ақпан айынан басталып кетеді. Бұл – техниканы дайындау кезеңі. Сәуірге дейін жер жыртылып, тегістеледі. Мамырдың 25-іне дейін барлық күріш алқаптарын суға бастырып үлгеруіміз керек. Әйтпесе, егін піспей қалады. Әрбір сорттың өз мерзімі бар – 90, 120 немесе 130 күн. Осыдан кейін тамыздың ортасынан қазанға дейін егін орағы жүреді, – дейді кәсіпкер.

Шаруашылықта өсірілетін күріштің бірнеше сорты бар. Әрбір сорттың пісу мерзімі әртүрлі болғандықтан, дихандар күнді дәл есептеп, жерді белгіленген уақытта дайындауға тырысады. Тек күріш емес, жүгері мен жоңышқа сияқты қосымша дақылдар да арнайы кестемен отырғызылады.
Мамыр айының соңына дейін суға бастырылған күріш алқаптары маусым, шілде айларында күтіп-бапталады. Бұл кезеңде зиянкестермен күрес, тыңайтқыш беру, судың деңгейін бақылау сияқты маңызды жұмыстар жүргізіледі. Ал тамыздың ортасынан бастап егін орағы басталып, қазан айына дейін жалғасады.
Мұндағы әр қадам нақты есеп пен тәжірибеге негізделген. Себебі ауа райы, су тапшылығы және нарықтағы жағдай секілді сыртқы факторлар әр маусымға өз әсерін тигізеді. Сондықтан күріш шаруашылығында кідіріс пен бейғамдыққа жол жоқ – әр күн есептеулі.
Бір дәнде мың адамның еңбегі бар
Күріш шаруашылығы – тек диханның ғана емес, тұтас бір ұжымның маңдай терін қажет ететін сала. «Таң ЛТД» ЖШС-де қазіргі таңда 500-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Бұл сан егістік алқабында жұмыс істейтін механизаторлар мен сушы мамандардан бастап, өнімді өңдейтін зауыт операторларына дейінгі бүкіл жұмысшыларды қамтиды.
"Бір дәнде мың адамның еңбегі бар", – дейді кәсіпкер – Біз әр жұмысшының маңдай терін қадірлейміз. Маусым соңында міндетті түрде сыйақы тағайындаймыз. Бұл – еңбектің әділ өтеуі.
Шаруашылық басшылығы жұмысшыларға тек еңбекақымен ғана емес, түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, ауылда тұрақтап қалғысы келетін жастарға баса мән береді. Жас мамандардың ауылда еңбек етуіне жағдай жасау – тек кәсіпкердің емес, ауылдың болашағына жасалған инвестиция.

Қазір урбанизация күшейіп тұр. Ауылдан жастар қалаға кетіп жатыр. Сол себепті біз арнайы бағдарлама әзірледік. Жақсы жұмыс істеген жас мамандарға үй, көлік, тіпті 1 миллион теңгеге дейін сыйақы береміз. Сонымен қатар азық-түлікпен қамтамасыз ету сияқты қолдауларымыз да бар. Бұл – жастарды ынталандырудың бір жолы, – дейді кәсіпкер.
Шаруашылықта агроном, техник, инженер, экономист сияқты мамандарға да сұраныс жоғары. Осы мақсатта компания жастарды оқытуға, қайта даярлауға, шет елдердегі тәжірибемен танысуға да мүмкіндік беріп келеді.
Өнім сапасы – басты талап
Күріш өндірісі – тек көлеммен емес, сапамен де өлшенетін сала. Бұл қағиданы "Таң ЛТД" ЖШС толық ұстанып келеді. Шаруашылық жыл сайын егіннен мол өнім алумен қатар, оның сапасына ерекше мән береді. Себебі, ішкі нарықпен қатар шетелге шығатын өнімнің де талаптары қатаң.
Иран, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне күріш жөнелтеміз. Қазақстанның 8 ірі қаласында да біздің өнім бар. Сондықтан сапа – басты назарда. Мемлекеттік стандарт бойынша 25 келілік қаптамада 14 пайыздан артық сынған дән болмауы керек. Біз бұл талапты толығымен орындаймыз. Біздің зауыт Оңтүстік Корея технологиясымен жабдықталған. Сапаға жұмыс істейміз, – дейді кәсіпкер.
Шаруашылықтағы зауыт толық автоматтандырылған. Онда күрішті сұрыптау, тазалау, қаптау сынды бүкіл процестер заманауи құралдармен жүзеге асады. Бұл – тек өнім сапасын арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін де еселейді.
Өнім өндірумен қатар, оны сақтау мен тасымалдау да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Себебі экспортқа шыққан өнімнің сапасы жолда бұзылмауы тиіс. Осы мақсатта шаруашылық қоймаларын жаңғыртып, логистика саласына да инвестиция салып келеді.
Сонымен қатар, кәсіпкер су тапшылығы мәселесіне де тоқталды. Соңғы жылдары Сыр өңірінде су деңгейі төмендеп, күріш егуге кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Бірақ шаруашылық бұл жағдайға бейімделіп үлгерген.
Сыр өңірінде су тапшылығы жылдан жылға қатты сезіліп келеді. Осыған байланысты біз арнайы заманауи техникаларды қолдануға көштік. Мысалы, лазерлік тегістегіш техника суды үнемдеуге көмектеседі. Бұл – күріш шаруашылығында өте тиімді тәсіл. Сонымен қатар, Қытай, Үндістан, Еуропа елдерінің тәжірибесін зерттеп, қызметкерлерімізді шетелге оқуға жіберіп отырамыз. Заманнан қалмау керек, – дейді ол.
Табыстылық және тәуекел
Күріш шаруашылығы – бұл тұрақты табыс әкелетін оңай бизнес емес. Бұл салада көп еңбектің, шыдамдылықтың, әрі тәуекелдің болуы қажет. Бағаның тұрақсыздығы, ауа райының қолайсыздығы және сырттан келетін тыңайтқыштар мен техникалық бөлшектердің бағасының өзгеруі кәсіпорынның жұмысына тікелей әсер етеді.
Кей жылдары шығынға бататын сәттер болады. Табыс тұрақты емес. Ауыл шаруашылығында бұл – қалыпты жағдай. Бірақ бейнетің болса, зейнетің де болады. Біз үшін бұл – тәуекелдің ісі. Қиыншылықтарға қарамастан, күріш өсіруді жалғастыруға тырысамыз, – дейді кәсіпкер.
Ол сондай-ақ нарықтағы өзгерістерге бейімделу үшін үнемі жаңашылдыққа ұмтылу керектігін атап өтті.
Нарықтық экономикада баға әрдайым өзгеріп отырады. Сондықтан біз әрқашан тиімді тәсілдерді іздеп, шығындарды азайту жолдарын қарастырамыз. Бұл – табысты ұстап қалудың басты шарты, – деді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, күріш шаруашылығында табыс пен тәуекел бірге жүреді, бірақ дұрыс басқару мен еңбектің арқасында бұл саладан тұрақты нәтиже алуға болады.
Мемлекеттік қолдау – үлкен серпін
Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылықтың дамуы мен тұрақтылығы үшін мемлекеттен келетін қолдау өте маңызды рөл атқарады. Бұл қолдаулар егін шаруашылығын жаңғыртуға және өнімділікті арттыруға зор ықпал етеді.
Тыңайтқыштарға, техникаға берілетін субсидиялар мен суды үнемдеуге арналған жабдықтарға бөлінетін қаржы бізге үлкен көмек болып отыр. Бұл қолдауларсыз бүгінгі таңда күріш өсіру ісін тиімді жүргізу өте қиын еді, – дейді Ержан Имамзадаұлы.
Сонымен қатар, жеңілдетілген несиелер шаруашылыққа жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген несие алу арқылы біз техникаларды жаңартып, суару жүйелерін жақсарта аламыз. Бұл біздің өнім сапасын және көлемін арттыруға мүмкіндік береді, – деп толықтырды кәсіпкер.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар күріш өсіру саласындағы кәсіпкерлікке үлкен серпін беріп, ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.

Ержан Имамзадаұлы шаруашылықтың алдағы уақытта күрішті терең өңдеуге ерекше көңіл бөлетінін айтты. Бұл бағытта нақты жоспарлар мен жобалар әзірленуде.
Болашақта күріш ұнын және крахмал өнімдерін шығару ісін қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бұл – күріштің тек шикізат ретінде ғана емес, өнімді тереңдетіп өңдеу арқылы қосымша құн жасауға мүмкіндік береді, – дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар, шаруашылық ауылды көркейту мен көгалдандыру ісіне де үлкен мән береді.
Жыл сайын ауылымыздың жасыл желекке көмкерілуі, таза әрі әдемі болуы үшін жаңа жобалар жүзеге асырылады. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің де бір көрінісі, – деп толықтырды ол.

Осылайша, шаруашылық тек өнім өндірумен ғана шектелмей, ауылды дамытуға, экологияны жақсартуға және өңірдің жалпы көркін арттыруға бағытталған кешенді жоспарлармен жұмыс істеп келеді.
Біз – жерден нәпақа теріп жүрген ауыл адамымыз. Кешегі ата-баба кәсібін бүгінгі ұрпақ ретінде жалғастырып, ертеңгі ұрпаққа аманаттап жеткізу – басты мақсатымыз, - дейді Ержан Имамзадаұлы.
Сыр өңірінің күріш шаруашылығы – тарихы терең, болашағы зор сала. Ал оны дамытып жүрген азаматтар – ауылдың тірегі. "Таң ЛТД" серіктестігінің жұмысы – ауылдағы тұрақтылықтың, кәсібиліктің және адал еңбектің айқын үлгісі.