Ата-аналар ҰБТ тапсыру барысын үйден онлайн бақылай алады

2 Маусым 2020, 11:02
1506
Бөлісу:
Ата-аналар ҰБТ тапсыру барысын үйден онлайн бақылай алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында айтты.

Медициналық-санитарлық талаптарды қатаң сақтау бойынша, ата-аналарға немесе басқа алып жүруші тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын тест тапсыру орындарына келмей-ақ, үйде отырып көру үшін біз онлайн көрсетілім ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пункттері барикадалық ленталармен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібі бойынша тест тапсырушылар арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қатаң қадағаланады. Пунктке кіру кезінде де арақашықтық сақтау үшін ленталар арасына тиісті нүктелер қойылуда. Бұл екі метр қашықтық ҰБТ тапсырған уақыттың ішінде аудитория ішінде де сақталады. Сондықтан, ҰБТ өткізу пункттері көлемінің тек 50%-ын толтыру арқылы тестілеу өткіземіз, - деді ол.

Министр коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайтуға арналған қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылатынын мәлімдеді.

Тест тапсырушыларды зарарсыздандыру туннельдерінен өткізу, аяқ киімдерін арнайы зарарсыздандыру кілемшелерімен өңдеу, қолды санитайзерлермен зарарсыздандыру, әр талапкердің дене қызуын өлшеу және бірреттік маскамен қамтамасыз ету шаралары қарастырылды. Жалпы, бас санитариялық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерлерде сақталатын болады, - деді ол. 

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ҰБТ өткізу кезінде түрлі гаджеттерді, байланыс құралдарын, шпаргалкаларды, әдебиеттерді кіргізуге тыйым салынады. 

Жалпы, ұйымдастыру жұмыстары аяқталуға жақын. Тестілеу материалдары 100% басылып шығарылды. Барлық аудитория тиісті құрылғылармен жүз пайыз жабдықталды. ҰБТ өткізу пункттеріне бейнекөрсетілімі бар мониторлар қойылды. Комиссия, апелляциялық комиссия мүшелері бекітіліп, жұмысты бастауға дайын. ҰБТ өткізу үшін барлық құзырлы органдардың жауапкершілігі бойынша ҚР премьер-министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлының деңгейінде тиісті міндеттер бекітіліп, жеткізілді. Біріншіден, ІІМ-не қатысты, бұл - қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, екіншіден, жергілікті атқарушы органдар бойынша барлық ҰБТ өткізу пункттерін баррикадалық ленталармен, зарарсыздандыру туннельдерімен, тепловизорлармен, санитайзерлермен, зарарсыздандыру кілемшелерімен, респираторлық маскалармен қамтамасыз ету жүктелді. Жалпы, барлық дайындық жұмыстары аяқталуға жақын, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы