Елімізде «Келешек» жүйесі енгізілді. Кез келген ата-ана баласының болашағына ақша жинай алады. Оған мемлекет қолдау көрсетпек. BAQ.KZ тілшісі мақалада «Келешек» жүйесінің ерекшеліктерін, оның артықшылықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіріп көреді.
10 қаңтар күні Президент «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысты заңға қол қойды.
Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстан балаларына 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаржы қаражатын тұрақты жинақтау мақсатына арналған.
Мемлекет қалай қолдайды?
- бастапқы білім беру капиталын құяды;
- жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы төленеді;
- инвестициялық табыс қарастырылады.
«Келешек» жүйесінің артықшылықтары
- ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балаларға мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын белгілеу 60 АЕК (235 920 теңге);
- жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын белгілеу;
- екінші деңгейдегі банктің сыйақысы немесе сақтандыру компаниясының инвестициялық кірісі
- жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы төлеу көзделген.
Яғни:
- 5% — жыл сайын бөлінетін мемлекеттік сыйлықақы;
- 7% — халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін көзделген мемлекеттік сыйлықақы.
«Келешек» шоттарын екінші деңгейдегі банктерде және балаларға арналған МБЖЖ қатысушылары болып табылатын сақтандыру компанияларында ашуға болады.
Осыған байланысты, ата-аналар осы шоттарды ашқаннан кейін жыл сайын ХӘОТ балалары үшін 12 АЕК (айына 4 мың теңге шамасында) және басқа балалар үшін 24 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна төлеуі тиіс.
Қазіргі заманда өмірлік қажеттіліктің бірі – сапалы білім алу, білімді адам болу. Сондықтан, менің ойымша, ең үлкен инвестиция білімге салынуы керек. Бұл ретте «Келешек» жүйесі өте пайдалы. Баланың болашағын кішкентай жасынан ойластырып, уақыты келгенде кәсіптік, жоғары, жоғарыдан кейінгі білім алуға көмек беретін жүйе. Жалпы айтқанда, сапалы білім алу үшін қаражатты жастайынан үнемдеу, жинау – бұл әлемде кең таралған тәжірибе. Сонымен қатар осы жүйенің нәтижесінде балаларымыз білім алуда тең құқықтарға және оқытуда тең мүмкіндіктерге ие болады. Яғни, білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидасы да сақталады, - дейді Педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент), Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Басқарма мүшесі – зерттеу және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Жанар Байсейітова.
«Келешекке» ақшаны қайда жинауға болады?
«Келешек» шоттарын екінші деңгейлі банктерде ашуға болады. Ата-ана шотты ашқаннан кейін жыл сайын әлеуметтік осал топтағы бала үшін 12 АЕК (айына 4 мың теңге шамасында) және басқа балалар үшін 24 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна төлеп отыруға тиіс.
Мектепті аяқтағаннан кейін жинақталған қаражатты қалай пайдалануға болады:
- колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуға пайдалануға болады.
Ақшаны қайда жұмсауға болады?
Білім беру грантын алған жағдайда қаражатты қайда жұмсауға болады:
- басқа техникалық және жоғары білім алуға;
- жинақтауды жалғастыруға;
- қаражатты ҚР азаматы болып табылатын үшінші тұлғаға аударуға;
- тұрғын үй алуға пайдалануға;
- білім туралы құжат ұсынылған жағдайда жинақталған қаражатты алуға болады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаевтың айтуынша, егер бала 18 жасқа толғанда грантқа оқуға түссе, онда шотындағы ақшасын үй алуға немесе өзінен кейінгі бауырларына аудара алады. Шотты ата-аналар екінші деңгейлі банктерден аша алады.
Тағы бір айта кетерлігі, «Келешек» пен «Ұлттық қор – балаларға» жүйелеріндегі қаражаттар бала 18 жасқа толғанда қосылады. Осылайша екеуін біріктіргенде, айтарлықтай ауқымды сома шығады. Қазір балалар грантқа байланып қалған, мысалы, ҰБТ-дан жинаған ұпайы қандай мамандыққа жетеді соған түседі. Ал енді осы жүйелердің мақсаты - балаға таңдау мүмкіндігін беру. Яғни ата-ана мен бала «шотымызда ақша бар, мына мамандықты таңдайын» деп қалауын жасай алады. Бұл жүйенің көздеп отырған басты мақсаты осы, - дейді министрлік өкілі.
Бала 18 жасқа толғанша, шотта қанша жиналады?
«Келешек» жинақтау моделі бойынша актуарлық есептеулерге сәйкес, 18 жасқа дейінгі (13 жыл) жинақтар:
- жылына 12 АЕК (47 184 теңге) жарна болғанда – 5 млн теңгеден асады;
- жылына 24 АЕК (94 368 теңге) жарна болғанда – 8 млн теңгеден асады.
Орташа алғанда бір гранттың құны жылына 1 млн теңгені құрайды.
Осылайша, ата-аналардың жинақтаған қаражаты, мемлекет тарапынан берілетін бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы, банктердің сыйақысы түріндегі инвестициялық кіріс, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қалыптасқан жинақтар сапалы білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, мақсатты бағытқа қол жеткізгеннен кейін – білім алу (Техникалық және кәсіптік білім немесе Жоғары оқу орнының дипломы), жинақ иесі «Ұлттық қор – балаларға» жобасы үлгісінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға жинақталған қаражатты аудару құқығын пайдалана алады.