Ата-ана-бала-мектеп: Бала мектепке қалай бейімделеді

Ата-ана-бала-мектеп: Бала мектепке қалай бейімделеді

Бейімделу дегеніміз не? Бала жаңа ортаға келгенде оның бойында өзіне бейтаныс жағдайға үйрену процесі жүреді. Бұл міне бейімделу деп аталады. Үйде бала белгілі бір өмір салтына, күн тәртібіне, іс-әрекет түрлеріне, тағамның табиғатына, айналасындағылармен қарым-қатынасқа, мінез-құлық ережелеріне дағдыланады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Баланы жаңа ортаға, әсіресе мектепке қалай бейімдеу керек? Бейімделу кезеңдері қалай өтеді? Мұндай жағдайда ата-аналар мен мұғалімдер қандай әрекет жасауы керек? «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық балалардың хал-ахуалы институтының аға ғылыми қызметкері Назира Оспанбекпен осы мәселелер жайлы әңгіме өрбіттік.

Назира Оспанбек - педагог-психолог. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балалармен әлеуметтік салада психологиялық көмек көрсету бағытында 10 жылдай тәжірибесі бар.

Бейімделу деген не?

Сарапшының сөзінше, адаптация, яғни бейімделу процесі - ол адамның үйреншікті, қалыпты жағдайдан басқа, таныс емес жағдайға тап болуы. Бұл кезде адамның бойында әртүрлі процестер жүріп жатады.

Нақты айтатын болсам, 1-сыныпқа баратын, яғни 6-7 жастағы бала осы кезеңге дейін күні бойы атқаратын тірлігі – ойын. Яғни бұл жастағы бала қоршаған ортадан ақпаратты тек ойын арқылы алады. Бала түрлі ойыншықтармен ойнайды, сурет салып, санау арқылы ақпарат алады. Енді баланың өмірі түбегейлі өзгерді, 45 минут бойы партада отырып, өзіне таныс емес мектеп формасын киіп, мұғалімді тыңдап, жазып, сызып, санап, сөмкесін мектепке арқалап апарып, арқалап әкелуі керек. Яғни белгілі бір тәртіпке бағынуына тура келеді, - дейді педагог-психолог.

Осындай өзгерістерге байланысты баланың ағзасы да, жүйке жүйесі де көптеген процесті бойынан өткізеді. Егер бала осыған үйренісіп, бейімделіп кетсе, онда оның әлеуметтенуі, танымдық процестері дамуына үлкен әсерін тигізеді. Ал егер бала бейімделу процесінде қолдау, көмек, ата-анасы мен мұғалімдерден дұрыс ұсыныстар ала алмаса, онда оның әлеуметтенуі, физикалық дамуы өзгеріске ұшырауы мүмкін. Ол өзгерістер жағымсыз болуы мүмкін.

Ата-аналар мен мұғалімдерге бұл жағдайда не істеуге болады?

Бейімделу процесінің бастапқы кезеңі және соңғы кезеңі болады. Бұл кезең өтеді. Оны қабылдай білу керек. Бала бұл жағдайда қалып қалмайды. Себебі бейімделу процесінде жүрген баланың эмоционалды жағдайы құбылмалы болады. Оның бірде көңіл-күйі болса, бірде болмайды. Кейде ынтасы жоғарылап кетеді де, кейде аяқ астынан қызығушылығы төмендеп кетеді. Кейбір балалар бас ауруының, басқа да аурулардың белгілерін айтып, шағымдануы мүмкін. Бұл жерде балаға «сен жалқаусың», «өзіңді қинағың келмейді» деген сияқты баланың жанына тиетін сын әңгімелерді айтпай, керісінше ол бейімделу процесінде екенін естен шығармай, қолдау көрсету керек. Себебі мектепке барған балада психологиялық жүктеме болады. Бала ол жерде «оқушы» деген әлеуметтік рөлді атқаруы керек, - деп есептейді Назира Оспанбек.

Ата-ана-бала-мектеп: Бала мектепке қалай бейімделеді

Ал үйге келгенде бала өзінің қажеттіліктері, ойы, қалауы бар балаға айналуына көмек көрсеткен дұрыс. Демек үйде де баланы қатаң ережелермен күтпей, мүмкіндігінше сабағы қалай өткенін сұрап, не ұнағаны жайлы сұрақтар қою керек. Ата-ана осындай қолдау көрсету арқылы баланы бейімделу процесінен алып шыға алады.

Бейімделу процесі әр балада әртүрлі болады. Мысалы, баланың жеке тұлғалық қасиеттеріне, жас ерекшеліктеріне, физикалық әл-ауқатына және үйдегі эмоционалды-психикалық климатқа байланысты. Психологтардың айтуынша, бұл процесс жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Яғни бала осы уақыт бойы үйренісу кезеңдерінен өтеді.

Бейімделу үш кезеңге бөлінеді. Алдымен жаңадан пайда болған өзгерістерді қабылдамау, одан бас тарту. Соған байланысты бала мінезін көрсетіп, жылап, айғайлап, күйзеліс жағдайында болуы мүмкін. Ол қысқа уақытта өтеді. Екінші кезең, жан-жақта болып жатқан өзгерістерге назар қойып қарау, соларды қабылдауға дағдылану. Үшінші кезең, өзгерістің бәрін түбегейлі қабылдау және оларды мінсіз орындау. Яғни сабаққа бару, оны орындау, киімдерін жинау, сабақ кестесін білу және т.б. Бұл жерде ата-анаға қойылатын маңызды шарт – қолдау процесін ұйымдастыру барысында әр балада жеке күн тәртібі болғаны баланың бейімделу процесінің жеңіл өтуіне көмектеседі. Себебі балада күнделікті нақты жоспар бар: қай уақытта сабақ оқиды, қай уақытта дем алады, қай уақытта ойынға уақыт бөледі, - дейді педагог-психолог.

Оның сөзінше, баланың өсу кезеңінде оның дамуына әсер ететін жеке күн тәртібін ұйымдастыру өте маңызды.

Балаға қолдау көрсеткен дұрыс

Назира Оспанбек атап өткендей, бейімделу процесінде жүрген баланы мектептен кейін қосымша сабақтарға бермеген дұрыс. Оны бейімделу процесінен кейін ұйымдастырған жөн. Мектепке барған алғашқы апталарда баланың қасында эмоционалдық жылулық беріп, қолдау көрсете алатын жақындары табылғаны өте маңызды. Мектепте жиналған жағымсыз сезімдерді бала эмоционалдық байланысы бар жақынымен талқылау арқылы арылуға тырысуы керек.

Екінші бейімделу процесінде бала бастауыш мектепті бітіріп, орта буынға ауысқан кезде көбіне 5-сынып оқушыларына қатысты болады. Бастауыш сыныптағы бала мектеп пен оның ережесіне, сабақ оқуға үйренген. Бірақ бұл жердегі басты өзгеріс – ол үйреніп қалған жалғыз мұғалімінен бөлек, әртүрлі мұғаліммен танысуы, бірлесе сабақ оқуы, қарым-қатынас құруы. Одан бөлек, балалардың бейімделуіне әсер ететін тағы бір фактор – өзі сияқты оқушылармен қарым-қатынасы. Яғни басқалармен тіл табыса алуы, ұрыс-керіс жағдайында өзін ұстауы, жағымсыз эмоцияларын дұрыс бағытта көрсете алуы. 5-сыныпта ең қиыны - мұғалімдерге бейімделу, әр сабақтың талабына сай болуда, оны ұғуда қиындықтар болады. Сол себептен бұл кезеңде де балаға тура 1–сыныптағыдай қолдау көрсету керек, - деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге үйде эмоционалды-психологиялық ахуал бала үшін қолайлы болуы керек. Бұл жерде де баланың күн тәртібі маңызды. Бейімделу процесінен өтіп жатқан кез келген бала үшін бәрі оңай әрі түсінікті болуы керек.

5-сыныпта да бейімделу процесі жарты жылға дейін жалғасады. Бала үйреніп, ережелерді қабылдап, мұғалімдердің талаптарына, қойған сұрақтарына үйренген кезде бала басты мақсатын, яғни білім алуды жүзеге асыра бастайды.

Бейімделу кезеңінде ата-ананың рөлі маңызды

Кейде балаға үйде қолдау көрсетсе де, материалдық-тұрмыстық жағдайы жақсы болса да, бейімделу процесі қиындап жатады. Бұл жерде оған әсер ететіні – баланың өзін-өзі бағалау процесі. Яғни үйде физикалық тұрғыдан я болмаса зорлық-зомбылық, қорлау түрлері көрсетілмесе де, ата-анамен эмоционалдық байланысының болмауы балаға әсер етуі мүмкін. Дәлірек айтқанда, үйде баламен ешкім сөйлеспесе, жағдайын ешкім сұрамаса, оның бейімделуіне кері әсерін тигізеді, ал егер баланың өзін-өзі бағалауы дұрыс болса, бейімделу процесі жеңіл өтеді, - дейді педагог-психолог Назира Оспанбек.

Оның сөзінше, баланың бейімделу процесі біз қалағандай өтіп, бала мектептен білім алып, басқалармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, эмоционалдық жағдайы жақсы болып өсуі үшін ата-ананың рөлі өте маңызды. Себебі бала мектепте белгілі бір уақытта ғана болады. Мектепте шамамен 4-5 сағат қана болғаннан кейін үйге қайтады.

Баламен бейімделу процесінде ғана емес, күнделікті сөйлесіп, сырласып отыру қажет. Оған міндетті түрде өтпелі кезең екенін айтып, шыдамдылыққа шақыру қажет. Ол үшін балаға бұған дейін басынан өткерген бейімделу процестерін есіне түсіру қажет. Мысалы, бала балабақшаға барса немесе жанұясымен басқа жерге көшіп барған болса. 5-сыныпта оқитын балаға 1-сыныпқа барған кездегі сәтін есіне түсіру керек. «1-сыныпқа барған кезде мектептің не екенін білмейтінсің, ережелерді орындағаныңның арқасында осындай дәрежеге жеттің. Бұл да өтпелі кезең» деп түсіндіру жұмысын жүргізу маңызды, - деп санайды сарапшы.

Бейімделу кезінде түрлі жағдай болуы ықтимал. Мысалы, бала басқаларға агрессия, зорлық-зомбылық түрлерін көрсетуі мүмкін. Ата-ана мұндай әрекеттерге де баса назар аударғаны жөн. Ең алдымен баланың іс-әрекетіне, мінез-құлқының қалай өзгеріп жатқанын бақылап отырғаны дұрыс.

Бейімделу кезеңінде ата-ана мұғалімдермен, сынып жетекшілермен, мектеп психологымен тығыз байланыста болуы керек. Сонымен қатар сыныптағы басқа ата-аналармен де байланыс жасап тұрғаны құба-құп болады.

«Баланы басқа баламен салыстыруға болмайды»

Назира Оспанбек атап өткендей, бейімделу әр адамның бойынан күн сайын өтіп тұратын процесс. Мысалы, жаңбыр жауса, бейімделеміз, жаңа ортаға барсақ, бейімделеміз және т.б. Бұл жерде адамның ішкі ресурсы маңызды. Ал баланың физикалық-психологиялық дамуы әлі жүріп жатқандықтан оған қиындау болады. Оны ересектер дұрыс қабылдап, көмектесуге тырысуы керек. Себебі баланың мектепте бейімделгені, басқалармен қарым-қатынасы келешегіне әсер етпей қоймайды.

Оның айтуына қарағанда, Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында еліміздің түкпір-түкпіріндегі ата-аналарға арналған интерактивті психологиялық-педагогикалық сабақтар жүргізіледі. Мұнда баланың жас ерекшелігіне, оның басынан өткізетін дағдарыстарына, отбасылық құндылықтарға, бейімделу процесіне байланысты ағарту сабақтары ұйымдастырылып отырады. Бұл тақырыптар кеңінен талқыланады.

Кейде ата-аналар баланың ынтасын тек қана материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету арқылы ашып жатады. Ата-ананың бұл әрекеті дұрыс емес. Себебі бүгін тәтті алып берді делік, бірақ ертең ондай затты алып бере алмайтын жағдай болып қалуы немесе баланың сұранысы жоғарылап кетуі мүмкін. Демек бұл жерде баланың ынтасы мектепке барып білім аламын деп емес, мектепке барсам, ата-анам бір зат алып береді деген оймен алмасып кетеді. Осылайша бала сабақта отырғанда өз міндетін орындамайды, тек ата-анасы уәде берген затты ойлайтын күйге түсіп кетеді, - дейді ол.

Сарапшының ойынша, баланы материалдық тұрғыдан сабаққа баруға ынталандыру дұрыс емес шешім. Бұл жерде ата-ана өзінен жауапкершілікті алып тастап отыр. Балаға түсіндіру, ақпарат беру, онымен сөйлесу, келісу сияқты әрекеттерді жасауға ерініп, керісінше ақшамен, қандай да бір дүниемен құтыла салу оңай жол болып тұр.

Балаға кішкентай кезінен бастап білім алу, мектепке бару – әр баланың міндеті екенін түсіндіру маңызды. Әр баланың дамуы, ақпаратты қабылдауы әртүрлі болады. Мектепке барған баланың бәрі ақылды, зерек, ақпаратты тез қабылдайтын, алғыр болады деп күту қате үміт. Балаға сабағына қатысты жоғары талап қоймау керек. Көбінесе бейімделу кезінде көптеген баланың ынтасын түсіріп тастайтыны – осындай сәттер. Онымен қоса, кез келген кемшілігі, жете алмаған жетістігі не болмаса жіберген қателігі үшін үнемі сынап, ұрысып, есіне түсіре беру, басқа баламен салыстыру баланың ынтасына әсер етеді, - деп атап өтті педагог-психолог.

Қорытындылай келгенде, баланы салыстыруға болады. Бірақ басқа баламен емес, тек өзінің өткен шағымен салыстырған дұрыс. Мысалы, «былтыр осы уақытта сен мынадай болатынсың, ал биыл мынау қолыңнан келеді» деп салыстыру қажет. Баланы біреумен емес, тек өз-өзімен салыстырған кезде ғана ішкі ресурсын дамытуға мүмкіндік болады.

Бөлісу: