Асырап алған балаларын қинаған ерлі-зайыпты қамқорлық құқығынан айырылды

17 Тамыз 2021, 23:50
2644
Бөлісу:
Асырап алған балаларын қинаған ерлі-зайыпты қамқорлық құқығынан айырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желіде Алматы облысы Сарқан ауданында асырап алынған төрт баланы ұрып-соғып, қорқытқаны бейнеленген видео жарияланды. Сарқан ауданы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы әлеуметтік желіге шыққан іске қатысты құқықбұзушылық туралы жауап берді.

Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды Алматы облысының «Кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесіне уақытша орналастыру туралы комиссия мүшелерінің шешімі қабылданды. Құқық қорғау органдарының тарапынан тергеп тексеру амалдары жүргізілуде, – деп жауап берді.
Бұл оқиға туралы хабар полицияға биыл 11 тамызда түскен екен. Оқиғаға байланысты Алматы облыстық ПД өкілдері мәлімет берді. 
Оқиға Алматы облысы Сарқан қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінде болған. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі бойынша («Көрiнеу кәмелетке толмаған адамды қинау») сотқа дейінгі бірыңғай тергеулер реестрінде тіркелді. Сотқа дейінгі тергеуден 9 жастағы бала 7 және 14 жастағы бауырларымен бірге 2020 жылы асырап алынғаны анықталды.
Қамқоршыларға қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға берілді. 17.08.2021 жылы осы комиссияның отырысы өтті, оның шешімі бойынша ерлі-зайыпты қамқорлық құқығынан айырылды және үш бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына берілді. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы