"Астымдағы атымның жасы келіп қалды". Көкпаршы алдағы жоспарын айтты

12 Қыркүйек 2024, 16:50
340
Бөлісу:
"Астымдағы атымның жасы келіп қалды". Көкпаршы алдағы жоспарын айтты

Көкпардан құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек қазақ-қырғыз арасындағы финалдық ойыннан кейін сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрманбек Тұрғанбек 1997 жылы Жамбыл облысында туған. Көкпардан Қазақстан құрамасының капитаны. Бүгін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Көкпарда соңғы минуттарда алтын салым салды.

Соңғы секундта қолымызға серке тигенде басқаша сезім болды. Оны әрі қарай жүзеге асырмасам – маған сын болар еді, - деді Тұрғанбек.

Көкпаршы жалпы ойынның өте тартысты өткенін айтты.

40 минут бойы тоқтамай шаптық. Өздеріңіз көргендей, алтын салым салып, командаға жеңіс әкелдім. Негізі 4-ші дүнижүзілік көшпенділер ойында да тұра осындай жағдай болды. Онда да алтын салым салған едім. Ойын барысы өте қызық болды. Қырғыз бауырларымызға көп рахмет айтамын. Бізге өте тереуірінді қарсылық көрсетті. Халықтың қолдауы қатты сезілді. Бәрі 3-1 болған кезде қатты қорықтық деп айтып жатыр, негізі оған біз дайын болдық. Қандай жағдай болса да бірінші орын аламыз деп бекіндік, - деді капитан.

Сондай-ақ ол қазақ пен қырғыз көкпаршыларының арасындағы дауға қатысты ойын айтты.

Қырғыз бауырларымыз жеңіп тұрған кезде қатты эмоцияға беріліп кетті ғой деймін. Біздің палуанға балағат сөз айтыпты. Кейін Ұлан ағамыз ашуға бой алдырып кетті. Ойын тәртібін бұзған қырғыз ойыншысы өз жазасын алды. Ал, біздің тарапымыздан анау айтқандай ештеңе болған жоқ, - деді Тұрғанбек.

"Жүлде емес, ең бірінші намысты ойладым".

Жалпы командалық есепте 7 миллион теңге болса керек. Бұл жерде ақша үшін емес, намыс үшін ойнадық. Осыншама уақыт өткіздік, төрт ай дайындықта жаттық. Еліміздің намысын қорғап, көк Туды желбірету үшін осы сәтті күттік. Қазақ спортына пайдамызды тигізсек, сол біз үшін ең жоғарғы баға деп білеміз, - деді ол.

"Атымның жасы келіп қалды" дейді Тұрғанбек.

Менің атым Нұрқасқа деген ат. 2017 жылы EXPO аясында өткен жарыста Темірбай Айтбаев ағамыз қырғыздарға қарсы ойында осы атпен есеп ашып еді. Мұны айтып отырған себебім - атымның жасы келіп қалды. Қазір 14 жаста. Менің Нұрдәулет Момынов деген ұстазым бар, бұл ат сол ағамыздікі. Алдағы уақытта бұдан да мықтырақ ат мініп, алаңға ораламыз деген ойдамын, - деді Құрманбек Тұрғанбек.

Өзгелердің жаңалығы