Астананың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйге құжат қабылдау басталады

28 Мамыр 2021, 15:56
8282
Бөлісу:
Астананың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйге құжат қабылдау басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрғын үй орталығы «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжаттарды қабылдау туралы хабарлайды.

Пәтерлердің жалпы саны 100. Оның ішінде 30 пәтер «Жетім балалар» санатына ғана арналған: 12 бір бөлмелі пәтер (37,8-38,2 ш. м.); 18 екі бөлмелі пәтер (44,7-50 ш. м.). Қалған 70-і «Әлеуметтік жағынан осал топтар» санатына арналған: 28 бір бөлмелі пәтер (37,8-38,2 ш. м.); 42 екі бөлмелі пәтер (44,7-50 ш. м.). Бұл сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер, - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, берілетін баспана «Пригородный» тұрғын алабында Сарытоғай көшесінде орналасқан екен. Ал ай сайынғы жалдау ақысы 5 000-нан 15 000 теңгеге дейін болады. Құжаттар 2021 жылдың 1 мен 8 маусым аралығында қабылданады. Құжаттарды қабылдау тек электронды түрде көрсетілген кезеңде qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы жүргізіледі.

Бағдарлама шарты бойынша қатысатын адамдар «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде тұруы тиіс.

Іріктеу «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қою күні мен отбасы құрамы бойынша кезекте тұрғандардың қатысуға құжаттарын тапсырғандар арасында өтеді.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына келесі санаттар жатады:

1) жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

2) басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

3) 1 және 2 топтағы мүгедектер;

4) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;

5) кейбір созылмалы аурудың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;

6) жасына байланысты зейнеткерлер;

7) жетім балалар;

8) қандас;

9) экологиялық зілзалалар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;

10) қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

11) толық емес отбасылар.

Айта кетейік, өтініш беру үшін ЭЦҚ кілті болуы міндетті. Құжаттардың толық тізімін мына сілтеме арқылы өтіп көруге болады.

Өзгелердің жаңалығы