Астананы интернетпен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге жұмсалады

6 Сәуір 2023, 13:54
835
Бөлісу:
Астананы интернетпен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге жұмсалады
Фото: gov.kz

Бұл мақсатта Астана қаласының әкімдігі Цифрлық даму министрлігі және байланыс операторларымен бірлесе отырып жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елорда әкімдігінің хабарынша, қазіргі кезде Астананың әрбір тұрғынын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатыр. Негізінен проблемалы аймақтар мен елді мекендерге көңіл бөлінеді.

Мәселен елордада 16 елді мекен және 1 саяжай алабы бар. Мұндағы мәселе – елді мекендерде кабельдік кәріздің болмауы. Өткен жылы әкімдік электр желілері арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) жүргізу туралы шешім қабылдады. Қазір «Астана-АЭК» пен бірлесіп инвесторлардың толық қаржыландыру есебінен елорданың елді мекендерінде электр беру және жарықтандыру тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталды.

Әкімдік тұрғын үй алаптарында интернет желілерін жүргізуге дайын инвесторларды іздеу бойынша жұмыс жүргізді. Қазіргі кезде олардың тұрғындарына талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернет және сандық теледидар қызметтері ұсынылады. Инвесторлар жарықтандыру тіректері мен электр желілері арқылы өтетін заманауи GPON технологиясын пайдаланады. Айта кету керек, инвестициялардың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асады.

Өзгелердің жаңалығы