Астана қаласындағы Халықаралық мектептің түлегі Акрам Сафиязов Халықаралық бакалавриат (IB) емтиханынан максималды 45 ұпай жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, бұл нәтижеге әлем бойынша тапсырушылардың тек 1%-ы ғана қол жеткізеді.
IB емтиханы - әлемдегі ең қиын білім беру емтихандарының бірі. Бағдарламада алты пәнді оқып, зерттеу жұмысын орындап және таным теориясы курсынан өту қажет. Бұл студенттерден терең білім мен дамыған аналитикалық дағдыларды талап етеді.
Астана қаласындағы Халықаралық мектептің директоры Айдар Болатов оқушысының нәтижесіне пікір білдірді.
Бұл нәтиже – Акрамның еңбекқорлығының және жоғары академиялық дайындық деңгейінің дәлелі, - деп атап өтті мектеп басшысы.
Акрам Сафиязов АҚШ-тың 8 беделді университетінде оқуға грант алды. Олардың ішінде University of British Columbia (QS World University Rankings бойынша әлемде 34-орында) және University of Zurich (QS World University Rankings бойынша әлемде 83-орында) бар.
Өз мұғалімдеріме халықаралық бағдарламаға дайындық кезінде көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін алғысымды білдіремін. Сонымен қатар маған мектепте қоғамдық қызметпен айналысуға да мүмкіндік берілді, - деді оқушы.
Астана қаласындағы Халықаралық мектеп Халықаралық бакалавриаттың үш бағдарламасы бойынша тіркелген. Олар: Primary Years Programme (PYP), Middle Years Programme (MYP) және Diploma Programme (DP).