Астаналық Ақбота Амангелдіқызы әлеуметтік желідегі парақшасында ат клубында болған оқиғадан кейін ауыр жарақат алғанын айтып, көпшілікке ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның сөзінше, оқиға 11 маусым күні өзі құрбысымен бірге QULATAY ат клубына серуендеуге барған кезде болған.
11 маусым күні құрбым екеуміз "QULATAY" ат клубына атқа мінуге бардық. Сол күн өмірім түбегейлі өзгереді деп ойлаған да жоқпын, – деп жазды ол.
Ақботаның айтуынша, кешкі сағат 18:30 шамасында оларға екі жылқы берілген. Құрбысының аты қорадан шығарылып, мінуге дайындалған болса, өзіне ешқандай қосымша тексерусіз ат ұстатылған.
Менің көзімше ешкім ердің қаншалықты мықтап бекітілгенін тексерген жоқ. Атты маған нұсқаушы емес, кәмелетке толмаған жасөспірім тапсырды, – дейді бойжеткен.
Оның айтуынша, серуен барысында нұсқаушы бірнеше рет атты шабысқа жіберуге рұқсат берген. Алғашқы екі шабыс еш қиындықсыз өткен. Үшінші рет шабуға шығар алдында нұсқаушы олардың видеосын түсіруді өзі ұсынған.
Дәл сол сәтте өмірімді өзгерткен оқиға болды. Ат бар жылдамдығымен шауып келе жатқанда ердің тартпасы (тартпасы босап кетіп), ер бір жаққа сырғып, мен ермен бірге жерге құладым. Видеода ердің тартпасы дұрыс бекітілмегені анық көрінеді, – деп жазды Ақбота.
Ол құлағаннан кейін ат клубының басшысы ауырсынуды басатын екпе салып, жарақаттанған қолын денесіне таңып бергенін айтты.
Маған жай иығым шыққан шығар деді. Бірақ ауруханаға барған соң оң жақ тоқпан жілігімнің ауыр сынғаны белгілі болды. Сол түні маған шұғыл түрде ота жасалды, – дейді ол.
Ақботаның айтуынша, операциядан кейін ат клубының басшылығы бірнеше рет хабарласып, жағдайын сұрап, өз тарапынан ешқандай шағымы жоқ екенін айтуды өтінген әрі көмек көрсетуге уәде берген.
Алайда менің полицияға арыз жазғанымды білгеннен кейін олардың барлық "қамқорлығы" тоқтады. Уәде етілген көмекті де алған жоқпын, – деді бойжеткен.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда клуб өкілдері қауіпсіздікке қатысты жауапкершілікті мойындаудың орнына, кінәні зардап шегушінің өзіне артып отырған көрінеді.
Олардың айтуынша, мен ердің тартпасының жағдайын өзім бақылап, серуен кезінде қауіпсіздікке өзім жауап беруім керек болған. Осы жарақаттың кесірінен бір жылға жуық қалыпты жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылдым. Маған ауыр зат көтеруге болмайды. Алдымда ұзақ оңалту кезеңі, тұрақты ем-дом және қалпына келуге кететін қомақты шығындар тұр, – деп жазды Ақбота.
Жазба соңында бойжеткен бұл оқиғаны аяушылық тудыру үшін емес, өзгелерге сабақ болсын деген мақсатта жариялағанын айтты.
Мен бұл оқиғаны жұрт мені аяуы үшін жариялап отырған жоқпын. Адамдар не болғанын біліп, сақ болса деймін. Ат клубына барған кезде сіз өз өміріңіз бен денсаулығыңызды қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті адамдарға сеніп тапсырасыз. Егер жабдық ақаулы болса немесе дұрыс дайындалмаса, оның жауапкершілігін клиентке артуға болмайды, – деп түйіндеді ол.
Ат клубының өкілдерінен пікір білдіруін сұрағанымызда, компания өкілдері жауап бермеді. Ал Астананың полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеріс жүргізілетінін хабарлады.