Астаналық әуе базасының әскери ұшқыштары практикалық курстан өтті

11 Қазан 2022, 14:52
1036
Бөлісу:
Астаналық әуе базасының әскери ұшқыштары практикалық курстан өтті

60-тан астам әскери қызметші өмір сүру негіздері бойынша практикалық сабақтарға тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олардың қатарында құтқару-іздестіру командалары, ұшуды басқару тобы, ұшу және инженерлік-техникалық құрам, медициналық қызмет мамандары, сондай-ақ бөлім психологы бар.

Курстың негізгі міндеті – апатқа ұшыраған әуе кемесінің экипажына көмек көрсетудегі жеке құрамның дағдылары мен машығын жетілдіру.

Одан бөлек зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және оларды эвакуациялау мәселелері де пысықталды. Экипаж мүшелері жаралылардың жарасын тазартып таңу, тасымалдау дағдыларын жетілдірді. Аман қалуды оқытудың маңызды бағыты әуе кемесінің орналасқан жерін анықтау кезінде топографиялық бағдарлау негіздерін қайталау, әскери қызметшілердің авиациялық апаттық іздестіруде басшылықпен байланыс үшін ультра қысқа толқынды радиостанцияны пайдалану болды.

Бұл дағдылардың бәрін тек ұшу құрамы ғана емес, экипаждың әрбір мүшесі меңгеруі қажет. Сабақ барысында жеке құрам топтарға бөлінді. Аман қалу бойынша жаттығулар жарыс режимінде өткізілді. Өйткені дәл осы әдіс штаттан тыс жағдай туындаған кезде практикалық дағдыларды қолдануда жақсы нәтиже береді, – деп түсіндірді елордалық авиациялық база командирінің ұшу қауіпсіздігі жөніндегі орынбасары подполковник Талғат Тұрғамбаев.

Аман қалу – авиациялық бөлімшелердің жеке құрамын дайындаудағы маңызды элементтердің бірі. Мұндай кешенді жаттығулар жүйелі түрде жүргізіліп, әскери қызметшілерді әртүрлі метеожағдайлардағы ықтимал дағдарыстық жағдайларға дайындауға көмектеседі.

Өзгелердің жаңалығы