Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 10 баланың сүт кенжесі – Кенжетай Астанада тұрғанымен, көңілі әр кез Аралда. Ол жақта оның аяулы анасы Сымбат әже тұрады. Қарт ана жолдың қашықтығынан Астанаға аз барады. Кенжетайы қарбалас жұмыс арасында Аралға жиі бара алмаса да, анасымен жиі хабарласып тұрады. Қандай мерекеде де қуантуға тырысады. Биыл, міне, 8 наурыз – аналар мерекесінде Астанада анасына гүл таңдады. Түрлі гүлдің арасынан оның таңдауы – ақ раушанға түсті.
10 бала өсірген
Сымбат әженің жасы 85-те. Жан жары Жарас Ақсейтовпен 10 бала тәрбиелеп өсіріп, бес ұл, бес қызға дүние жарығын сыйлаған Батыр ана.
Жарас ата 10 жылдай бұрын бақилық болған. Сымбат әже Аралдағы ұлының қолында – қара шаңырақта тұрады. Мына шеті Алматы, орта тұсы – Шымкент, арғы жағы Ақтөбедегі ұл-қыздарына жиі барады. Биыл 8 наурызды Шымкентте өткізіп жатыр. Осындағы ұлдары Естай, Еркетай мен қыздары Әсия, Меруерттің үйлеріне келеді. Сөйтіп әрдайым немере-шөбересін иіскеп, мауқын басады.
Мұғалімнің жары
Өмірлік серігімен танысып, тұрмыс құруы да қызық. Мұғалім мен оқушы арасындағы ұстаз-шәкірт таныстығынан басталып, оқушы мектеп бітіріп, бойжеткеннен кейін бір шаңырақ астындағы өмірге ұласқан тұрмыс.
Дәлірегі, Жарас Ақсейтов 1950-жылдардың басында Қамбаш көлі жанындағы Ақбай ауылына мұғалім болып барады. Мектеп мұғалімі тапшы кез. Аралда туып-өскен орысшаға жүйрік жігіт осындағы мектепте орыс тілі және әдебиетінен сабақ береді. Сол мектепте болашақ жары, өзінен екі жас кіші Сымбат оқиды екен.
Ақбай ауылындағы мектепте бір жылдай сабақ беріп, әскерге шақырылады. Әскерге барғанынан кейін оның мектепте сабақ берген, орыс тіліне жетік сауатты жігіт екенін байқаған басшылық әскери училищеге оқуға жібереді. Сонда оқып, офицер атанады.
Басшылық әскери қызметте қалуды ұсынғанымен, бас тартады. Жеті жасында әкесінен жетім қалған. Ауылда анасы, кішкентай інісі мен қарындасы күтіп отыр. Солардың жанында болуды қалайды. Жағдайын түсіндіріп, рұқсат алып, ауылға қайтады.
Әскерден келіп, Арал қаласында мұғалім болып, бір жылдан кейін 1956 жылы Сымбатқа үйленеді. О кезде Сымбаттың мектеп тәмамдаған кезі.
1957 жылы тұңғыштары дүниеге келді. Қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде орыс тілі және әдебиеті мамандығына оқып, диплом алады.
Осылай Арал қаласында басталған жас отбасының өмірі 1961 жылы Аралтұз комбинаты орналасқан елдімекенге ауысады.
Сол жылы Жарасты Аралтұз елдімекенініне мұғалім етіп жібереді. Отбасымен Аралтұзға көшеді.
Аралтұзда 35 жыл еңбек еткен
Көшіп барғандарынан кейін Жарас мектепте, әйелі Сымбат Аралтүз комбинатында тұзды қалталаушы (фасовщица) болып жұмыс істейді. О кезде тұзды картон қорапқа салады. Тұзды картоп қорапқа салып, аузын желімдеп, қапқа салып тұрады. Қыз-келіншектер көп істейтін жұмыс. Қазір де бар.
Сымбат Ақсейтова сол Аралтұз комбинатында 30 жыл еңбек еткен. Жан жары Жараспен бірге 10 перзентті өмірге әкеліп, Батыр ана атанды. 1985 жылы зейнетке шыққан. Күйеуі бертінге дейін мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінен мұғалім болып, алғашқы әскери дайындықтан сабақ берді.
Қазір Сымбат әже бейнетінің зейнетін көріп, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ұл-қыздарына сапарлайды. Шымкентке де жиі келіп, осындағы дәрігер қыздарының қолында ем алады.
Астанадан ақ раушан
Сымбат ана биылғы 8 наурызда Шымкентте болды. Астанадағы кенже ұлы өзі келе алмаса да гүл жолдады. Шымкенттегі алуан гүлдің арасынан ақ раушанды таңдады. Таңдағанын Шымкенттегі әріптесінен жолдады. Көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Ауырмай, аман-есен, бала-шағаның ортасында мейірімін төгіп, нұрын шашып жүруін тіледі. Асыл ананың жүрегі елжіреп, қуанып қалды. Біздің мақсатымыз да сол еді. Мереке күні ақ жаулықты аналарға қуаныш сыйлаудан артық бақыт бар ма?!