Астанадағы Кіші Талдыкөл суын сорып алу фактісі бойынша толық тексеру жүргізіліп жатыр. "Құрылыс компаниясы Кіші Талдыкөлдің суын сорып алған" деген шағым бассейндік инспекцияға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ақпарат берді.
Бассейн инспекциясы тексеруге кірісті. Тексеру аяқталғаннан кейін ресми ақпарат ұсынамыз. Мұндай тексеруді 1-2 күннің ішінде аяқтау мүмкін емес. Өйткені атқарылатын жұмыс көлемі үлкен. Жаңа Су кодексі аясында инспекция бақылау және жедел әрекет ету функцияларымен жабдықталған. Біз тексерудің толықтығын қамтамасыз етіп, толыққанды жауап береміз, – деп мәлімдеді министр.
Нұржан Нұржігітов заңбұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке дейінгі шаралар қабылданатынын атады.