Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түнде болған өрт кезінде балалардың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Астана қалалық полиция департаменті мәлімдеді.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға беріледі, – деп мәлімдеді департаментте.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алып, арнайы техниканың кедергісіз өтуі үшін тұрғын үй кешенінің ауласы тұрақта тұрған көліктерден босатылған.
Кейін полиция оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен қызметкерлердің бейнетіркегіш жазбасын да ұсынды. Онда олардың бірден тұрғындарды эвакуациялауға кіріскені көрсетілген.
12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Пәтер ішінен үш баланың денесі табылды. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.