Туризм және спорт министрлігі Астана қаласы №1 БЖМОРСМ тәрбиеленушілерінің (көркем гимнастика бөлімі) «Думан» қонақ үй кешенінің залында жаттығуына қатысты мәселеге түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін гимнаст қыздардың ата-аналары әлеуметтік желіде "Думан" залынан шығарылғаннан кейін балаларға жаттығатын орын жоқ екенін жазған болатын.
Министрліктен мәлім еткендей, қазіргі уақытта «Отбасы банк» АҚ спортшыларға аталған залды 2026 жылғы 1 маусымға дейін пайдалануға ұзартты. Бұл оқу-жаттығу жұмысын тұрақты жалғастыруға мүмкіндік берді.
Астана қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сәйкес, 1 маусымнан бастап жыл соңына дейін «Сарыарқа» велотрегінің спорт залын жалға алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Жангелдин көшесі, 9а мекенжайында орналасқан «Жеңіс» спорт кешенінде көркем гимнастика залына арналған арнайы қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында көлемі 14×14 метр, биіктігі 14 метр болатын екі тұғыр қарастырылған, - деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Нысанды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Туризм және спорт министрлігі үшін спортшылардың тұрақты дайындық жағдайын қамтамасыз ету – негізгі басымдықтардың бірі. Егер баламалы алаң анықталмаса, қолданыстағы залды одан әрі пайдалану мәселесі балалардың мүддесін ескере отырып, қайта қаралады. Бұл туралы қосымша ақпарат БАҚ арқылы хабарланады, - деді Балым Адамиденова.
Жағдай министрліктің бақылауында.