Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанадағы автобус апаты: Екі аяғынан айрылған қыздың отбасына баспана беріледі

Әсел ӘБІЛБЕК
9 Маусым 2025, 11:20
1232
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімнің айтуынша, ол қыздың анасы мен туыстарымен жеке кездесуге бармағанымен, орынбасарлары байланыс орнатқан.

Ол кісіге, отбасына, қызына менің әріптестерім, соның ішінде менің орынбасарым барды. Кеше де балалар омбудсмені болды. Бүгін де менің орынбасарым сол кісілермен бірге барады. Көмек жағынан, сақтандыру көлемі 20 миллионның маңайында және әкімшілік қосымша 10 миллион теңге берді. Қазір қосымша тағы 10 милион теңге береміз деп жоспарлап отырмыз. Баспана мәселесін шешіп береміз. Оны ресми түрде айтамын, - дейді Жеңіс Қасымбек.

Еске сала кетейік, кеше кешкісін Астанада Республика даңғылының бойында қала ішінде жүретін жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Алдын ала деректерге сүйенсек, автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде рульді басқара алмай, бағанға соғылған.

Аталған автобус апатынан зардап шегушілердің бірінің жағдайы ауыр екені де хабарланған болатын. Белгілі болғандай, сол қатты зардап шегіп, жағдайы ауыр халде болған жолаушы аяғынан айырылды. №1 автобус паркі де жол апатына қатысты пікір білдірген еді.

Жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы