Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада жыл басынан бері алты жаңа студенттік жатақхана ашылды

Бүгiн, 08:48
121
Бөлісу:
 Астана қаласы әкімдігі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада жыл басынан бері жалпы сыйымдылығы 1544 орынға арналған алты жаңа студенттік жатақхана салынып, қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Астанада студенттік жатақханалар салу мәселесімен айналысатын арнайы фронт-офис жұмыс істейді. Онда жеке кәсіпкерлер мен жеке компаниялардан құралған инвесторларға жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетіледі.

Фронт-офис мамандары 100-ден астам инвесторға кеңес беріп, шамамен 50 инвестициялық келісімшарт жасасқан. Жалпы 2023 жылдан бері Астанада 7388 орынға арналған 20 жатақхана салынды.

Бұл студенттердің тұрғын үй тапшылығы мәселесін шешуге елеулі үлес қосты. Мұндай жобалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Тұру ақысы жеке кәсіпкерлер мен жоғары оқу орындары арасында тікелей келісіледі. Ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кәсіпкерлер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты "Қаржы орталығы" акционерлік қоғамы арқылы университеттермен жасалған келісім негізінде субсидия алады. Бұл студенттер үшін қолжетімді бағаны сақтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті елорданың Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы.

Жаңа жатақханалардағы орындар ең алдымен көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге беріледі. Бұл тәсіл жастарды әлеуметтік қолдауға және білім алуда тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Жаңа жатақханалардың іске қосылуы өзге өңірлерден және шетелден келген студенттерге арналған орын тапшылығын айтарлықтай азайтты. Соңғы үш жылда Астанада жеті мыңнан астам жаңа орын пайдалануға берілді. Қазіргі таңда қаладағы жалпы тапшылық шамамен 10 мың орынды құрайды.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Қазіргі оқу жылында тағы бір жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Келесі семестрде ол нысанға Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттері қоныстанады деп жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы