Астанада «Нұрлы жол» вокзалының автотұрағында жолаушыны балағаттаған такси жүргізушісі бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жүргізушінің ашуына жолаушының заттарын көліктің жүксалғышына салмағаны себеп болған.
Елорда полиция департаментінің мәліметінше, такси жүргізушісі телефонына видео түсіріп, заттарын жүксалғышқа салмаған клиентке наразылығын білдірген. Ол бейнежазбада эмоцияға беріліп, былапыт сөздер айтқан. Кейін видео әлеуметтік желілерде тарап, құқық қорғау органдарының назарына іліккен.
Полицейлер жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол Ақтөбе облысының тумасы, 35 жастағы Кенбай Серікбаев болып шықты. Ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сот оны бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды, – деп хабарлады Полиция департаменті.
Полиция қоғамдық орындарда былапыт сөз айту әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін еске салды.