Астанада жеңіл атлетикадан турнир басталды

18 Желтоқсан 2022, 13:48
1119
Бөлісу:
Астанада жеңіл атлетикадан турнир басталды

Астана қаласында Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған І Халықаралық турнирі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Тұңғыш рет жалауын көтерген жарысқа Тәжікстан, Гонконг, Қырғызстан және Қазақстаннан екі жүзге тарта спортшы қатысып жатыр.

«Елорда төрінде жеңіл атлетикадан КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Әмин Елемесұлы Тұяқовтың құрметіне жеңіл атлетикадан халықаралық турнир өтіп жатыр. Алыс-жақын бес мемлекет спортшылары бақ сынаған жарыс алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табады деп үміттенемін. Әмин ағамыздың отандық жеңіл атлетикаға қосқан үлесі орасан зор. Біз осындай азаматтарды ардақтап, барында бағасына жетуге тиіспіз. Ал өскелең ұрпақ, жас спортшылар алдыңғы буын ағаларының жолын жарқын жеңістерімен жалғауы тиіс», - деді ҚР Жеңіл атлетика Федерациясының бас хатшысы Асхат Сейсембек.

Жарыс бағдарламасына жеңіл атлетиканың мынадай түрлері кіреді:

• Жүгіру – 60м, кедергілермен 60м, 400м, 800м, 3000м;

• Ядро итеру;

• Ұзындыққа секіру;

• Биіктікке секіру.

Сонымен қатар жарыс бағдарламасына 14 жасқа дейінгі балалар арасында 60 м қашықтыққа жүгіру және 4х200м аралас эстафета (2ұл + 2қыз) енгізілді.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы тағайындалған.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Әмин Тұяқов, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Асхат Сейсембек қатысты.

«Жеңіл атлетикаға арналып салынған осындай маньежде халықаралық жарыстардың көптеп өткені жақсы. Биыл менің атыма арналған жарыс бірінші рет ұйымдастырылып отыр, өте қуаныштымын. Сайыста әртүрлі елдердің спортшылары бақ сынап жатыр, бұл біздің спортшыларымызды үлкен жарыстарға дайындауға көмектеседі. Қазақстандық жеңіл атлеттер осындай бәсекелерге түсу арқылы шыңдалады, өзге ел спортшыларынан үлгі алады», - деді жеңіл атлетикадан Еуропа чемпионатының жүлдегері Әмин Тұяқов.

Айта кетейік, Әмин Тұяқов жеңіл атлетикадан КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы. КСРО чемпионатының жеңімпазы және жүлдегері, КСРО рекордшысы, Еуропа Кубогының иегері, Еуропа чемпионатының жүлдегері.

Өзгелердің жаңалығы