Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жаңадан ашылатын тартымды орындар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.
Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 20-дан астам аула мен қоғамдық кеңістікті аштық. Биыл барлығы 170 аула мен қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырамыз. Бұл жұмыспен қаланың барлық ауданын, оның ішінде елді мекендерді де қамтимыз, - деді қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айтуынша, Алматы ауданында Ақбұлақ өзенінің жағалауын абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Былтыр Ш.Құдайбердіұлы даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі аралық қамтылған. Биыл Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейін жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында бос уақыт өткізуге арналған орындар, спорт алаңы, көгалдандыру, жарықтандыру бар. Сондай-ақ биыл Тәуелсіздік даңғылы мен Амман көшесі арасында жаяу жүргіншілер көпірі ашылады.
Сол сияқты Тәуелсіздік даңғылының (Ақбұлақ өзенінің жағасынан Б.Момышұлы даңғылына дейін) жаяу жүргіншілер бөлігі қолға алынды. Мұнда жаяу жүргіншілер бөлігін абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру жүргізілуде, даңғыл бойында кедергісіз орта құрылып жатыр. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін көлеңкелі шатырлар да орнатылады. Бұдан бөлек, осыған дейін сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған Тұран даңғылында екі жаңа қоғамдық кеңістік ашылады, Жүргенов көшесінде жасыл желек орнатылады, ал Мыңжылдық аллеясында 70 мың шаршы метр абаттандырылады. Т. Жүргенов көшесін (Айнакөл көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейін), ескі вокзал аумағын және оған іргелес Гете мен Біржан сал көшелерін абаттандырамыз, "Жағалау" тұрғын үй кешенін абаттандыру аясында 18 гектар аумақ және т.б. абаттандырылады, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.