Астана қаласында V Еуразиялық экономикалық форум өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысының тақырыбы – «ЕАЭО жаһандық цифрлық бәсекеде: жасанды интеллектке басымдық».
Форум Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері басшыларының қатысуымен өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына орай ұйымдастырылып отыр.
Іс-шара Қазақстан Республикасының 2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы төрағалығы аясында өтіп жатыр.
Форумға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің ірі, орта және шағын бизнес өкілдері қатысады.
Сонымен қатар шараға:
- ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарының басшылары мен өкілдері;
- үшінші елдердің үкімет мүшелері;
- халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Форум аясында Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі экономикалық ынтымақтастықты дамыту, инвестиция тарту және өзара сауда байланыстарын нығайту мәселелері талқыланады.
Еуразиялық экономикалық форумның тарихы
І Еуразиялық экономикалық форум 2022 жылдың мамыр айында Бішкек қаласында өтті. ЕЭФ-2022 форумының тақырыбы – «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі еуразиялық экономикалық интеграция. Инвестициялық белсенділікке арналған жаңа мүмкіндіктер» болды.
ІІ Еуразиялық экономикалық форум 2023 жылдың мамыр айында Мәскеу қаласында ұйымдастырылды. Іс-шара Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына орай өткізілді.
ІІІ Еуразиялық экономикалық форум 2024 жылғы 30 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Ереван қаласында өтті. Форум Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толуына арналды.
IV Еуразиялық экономикалық форум 2025 жылғы 26-27 маусым күндері Минск қаласында өтті.