Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен елордада «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты фестиваль өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазақ халқының мәдениетін насихаттап, сәндік-қолданбалы өнер түрлерімен танысуға мүмкіндік беретін, достық пен татулықты арқау еткен іс-шараға қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олардың қатарында қазақтан бастап, орыс, украин, татар, қарақалпақ, өзбек, әзербайжан және өзге де этнос өкілдері болды.
Бүгінгі іс-шараның мақсаты – қазақ халқының мәдениетін, оның ішінде дәстүрі мен өнерін паш ету, ұлттар арасындағы мәдени бірегейлікті айқындай отырып, этномәдени мұраны сақтау мен тарату. Өзге ұлт өкілдері қазақ мәдениетімен жақын танысу үшін ең алдымен ою-өрнек түрлерін білуі керек деп ойлаймын. Сондықтан фестивальге қатысушылар тақия басуды үйренеді және ұлттық мәдениетті айқындайтын сурет көрмесімен танысады,-деді «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің төрайымы Тазабике Сәлиева.
Фестиваль аясында киіз басудан шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар киіз бұйымдарын жасаудың техникасымен танысып қана қоймай, оны білікті шеберлердің жетекшілігімен өздері де жасап көрді. Сонымен қатар іс-шара барысында қазақ халық аспаптары ансамблі өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.