Астанада ұлттық инклюзивті ойындар өтіп жатыр

4 Қазан 2024, 01:18
411
Бөлісу:
Астанада ұлттық инклюзивті ойындар өтіп жатыр
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын "Жұлдызай" республикалық ұлттық инклюзивті ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Биылғы іс-шара 3-5 қазан аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек cарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Sairan Arena» спорт клубы және Паралимпиада жаттығу орталығы ғимараттарында өткізіледі.

Бәсекеге 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысып, жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: бес тас, асық ату және тоғызқұмалақ сияқты спорттың жеті түрінен сынға түседі.

Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Атырау, БҚО, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, ШҚО, Түркістан, Ұлытау облыстарынан 600-ге жуық қатысушы бас қосты.

Осы орайда салтанатты іс-шараның ашылуына парадзюдодан Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері, елордалық спортшы Ерғали Шәмей арнайы қатысты.

Соңымнан еріп келе жатқан іні-қарындастарыма сәттілік тілеймін! Өзім осы парадзюдода үлкен жетістіктерге жеттім. Әлі де тоқтап қалмаймын. Сіздер де біз секілді қазақтың көк туын абыроймен асқақтатын боласыздар. Бізден де асып түсуге тілектеспін. Сол үшін тынымсыз еңбек етіп, үміттеріңізді ешқашан үзбеңіздер. Осында келіп отырған қадамдарыңыздың өзі үлкен жеңіс. Барлығыңызға сәттілік тілеймін!, – деді Ерғали Шәмей.

Респубикалық додаға қатысу үшін 2024 жылдың сәуір-маусым айларында еліміздің барлық өңірінде қазылар алқасының қатысуымен іріктеу кезеңі өткізілген болатын.

Айта кетейік, ауқымды іс-шара 2016 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Өзгелердің жаңалығы