Астанада алдағы үш жылдың ішінде учаскелік полиция пункттерінің саны еселеп артады. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев айтты, деп хабарлады BAQ.KZ.
Полицияның қадамдық жердегі қолжетімділігі қағидаты енгізіліп жатыр. Өткен жылы қалада модульдік үлгідегі 10 стационарлық бекет орнатылды. Учаскелік полиция пункттерінің саны 27-ден 42-ге дейін ұлғайтылды. Алдағы үш жылда оларды екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз, - деді ол елорда мәслихатының отырысында.
Елордада адамдар көп жиналатын жерлерде полицияны шұғыл шақыру дабылын беру үшін 13 SOS түймесі орнатылған. Барлығы 24 мыңға жуық сигнал келіп түсті, олар бойынша тиісті іс-шара қабылданды.
Алматы ауданының аумағында «полицияның қазақстандық сервистік моделі« пилоттық жобасы қолға алынды. Оның стратегиясы азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсету және қауіпсіздік мәселелерін шешу қағидаттарына негізделген. Жоба іске асырыла бастағаннан бері учаскелік полицейлердің танымалдық деңгейі үш есеге артты. Олардың жұмысының ақпараттық қамтылуы өсті. Учаскелік полицейлердің күнделікті жұмыс процестері ұтымды бола түсті. Енді олардың халықпен жұмыс істеуге көбірек уақыты бар. Биыл Сарыарқа ауданы бойынша тағы бір пилоттық жобаны іске қостық. Жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді Марат Төлебаев.