Астанада «Түрік фильмдері аптасы» өтеді

8 Қараша 2023, 16:05
1014
Бөлісу:
Астанада «Түрік фильмдері аптасы» өтеді
Фото: Түрік мәдениет орталығы

13-18 қараша аралығында Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы «Астанада түрік фильмдері аптасы» атты шара өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шара Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі кинематография басқармасының қолдауымен Түркия Республикасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылады. Түрік фильмдері аптасы бауырлас екі ел арасындағы мәдени байланыстың одан әрі нығая түсуіне, рухани өзара алмасуына үлес қосу мақсатында өткізілмекші. Қазақ көрермендері түрік кинематография өнімдеріне, әсіресе сериалдары мен кинофильмдеріне үлкен ықылас танытады.

Апталық аясында қала тұрғындары мен қонақтары тарихи, романтикалық және шытырман драма толы алты үздік түрік кино туындысын ақысыз тамашалай алады. Олардың арасында «Көбелектің түсі», «120», «Ұзақ хикая», «Ертұғырыл 1890», «Соңғы хат» және «Қызыл орамалды шынарым» сияқты фильмдер бар.

Бүгінгі күні жалпы түрік кино индустрия саласы өте қарқынды дамыған. Осы орайда Голливуд пен Болливудтан кейін ең көп картина Түркияда түсірілетінін атап өтуге болады. Алғашқы түрік фильмі 1914 жылы түсірілді. Фуат Узкынайдың «Сан-Стефано ескерткішінің қирауы» (1914) фильмі Түркиядағы кино өнерінің алғашқы туындысы болып саналады. Кино индустриясы жыл сайын өсіп келе жатқан Түркияда жыл сайын 70-ке жуық фильм түсіріледі. 1953 жылы режиссер Мухсин Эртугрулдың «Halıcı Kız» атты фильмі- түрік кинематографиясы тарихындағы тұңғыщ толықметражды түрлі-түсті және демеушілік қолдаумен түсірілген картина.

Шара шымылдығын «Көбелектің түсі» атты картина ашады. Фильмнің продюсері- Нежати Акпынар, режиссері әрі сценаристі- Йылмаз Ердоған. Аталған фильмнің басты рольдерін Қазақстандық көрермен жақыннан танитын Кыванч Татлытуг, Йылмаз Ердоған, Мерт Фырат, Белчин Билгин мен Фарах Зейнеп Абдуллах сомдайды. Фильмде 1941 жылдары болған оқиғалар баяндалады. Екі жас ақын Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу Зонгулдактағы көмір шахтасында жұмыс істейді. Екеуі де ақын. Түркия мемлекеті жаңадан модернизациялану кезеңін бастан өткеріп жатқан 1940 жылдары Европада II. Дүниежүзілік соғыс жалғасуда. Осындай ауыр кезеңде екеуі де құрт ауруына шалдығады. Бірақ ауыртпашылыққа қарамастан, қос ақын өз орталарында поэзияны насихаттап, әдебиетке деген халықтың қызығушылығын туғызу үшін жандарын салады. Музаффер фильмдегі басқа бір кейіпкер әкімнің қызы Сузан Өзсойға ғашық болады...

Аптаның 2 күнінде көрсетілетін «120» фильмі 2008 жылы түсірілген, режиссері әрі сценаристі- Өзхан Ерен. Фильм Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ванда болған шынайы тарихи оқиғаны баяндайды. Шекарадағы армия сарбаздарына көмек ретінде майдан шебіне оқ –дәрі апарылуы керек, алайда Ванда еркек кіндіктінің барлығы соғысқа кеткен. Тылда тек балалар мен әйелдер қалған. Дәл осы тұста ұлынан соғыста айрылып қалған мектеп директоры оқ-дәріні Сарықамыштағы майдан шебіне апаруды 12-17 жас аралығындағы 120 ерікті балаға ұсынады...

15 қарашада көрермендер түрік жазушысы Мұстафа Кутлуның шығармасы негізге алып түсірілген «Ұзақ хикая» фильмн тамашалай алады. Басты рольді Қазақстандық көрерменнің көзайымы Кенан Имирзалыоглу сомдайды. Режиссері әрі продюссері - Осман Сынав. Сценарийін жазған -Иігіт Гүралп. Фильмде Имирзалыоғлумен бірге Туче Казаз, Мұстафа Алабора, Алтан Эркекли, Гүвен Кырач сияқты танымал актерлер ойнайды. Бала кезінде жетім қалған Әлиді атасы Сүлеймен Болгариядан Түркияға алып келеді. Әли қыздың ата-анасының қарсылығына қарамастан сүйіктісі Мунирамен үйлену үшін оны алып қашады. Жұптың өмірі теміржол вокзалдарының станцияларының арасында көшумен өтеді.

Апта аясында көрсетілетін келесі фильм «Соңғы хат» деп аталады. 2015 жылы Чанаккале Жеңісінің 100 жылдығына орай түсірілген, миллиондаған көрермен тамашалаған, ең үздік түрік картиналары қатарында орын алады. Режиссері- Өзхан Ерен, басты рольдерді Тансел Өнгел, Бүлент Шакрак, Несрин Жавадзаде, Озан Гозел және Хусейн Авни Данял сияқты танымал әрі шебер түрік актерлер орындаған.

Қысқаша мазмұнына келсек, ұшқыш Салих Экрем Осман империясының тұңғыш ұшқыштарының бірі, жас офицер. Әйелі кішкентай қызын дүниеге әкелген кезде қайтыс болады. Ағылшындар 1915 жылы теңізден шабуыл жасай бастағанда, Салих Экрем қызын анасына аманат етіп ұшағымен Чанаккалеге жол тартады. Салих әуеден барлау жүргізген күндердің бірінде екі британдық ұшақ түрік дәрігерлеріне, оның ішінде Нихал есімді жас медбикеге шабуыл жасағанда, көмекке асығады. Өзі де қақтығыс кезінде ауыр жарақат алады, алайда медбике Нихал мен Фуат есімді кішкентай баланы құтқаруға көмектеседі. Фуат соғыс жүріп жатқан күндері капитан Салих пен Нихалдың жиі кездесулеріне дәнекер болады. Нихал Ыстамбұлға оралғанда, екеу ара кездесу «үшбу хатпен айтылған» үлкен махаббатқа айналады...

Шараның соңғы күні Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повестіне Али Өзгентүрк жазған сценарий бойынша режиссер Атыф Йылмаз түсірген картина көрерменге жол тартады. Басты рольдерде әлемге танымал түрік актриса Түркан Шорай, Кадир Инаныр мен Ахмет Мекинді көре аламыз.

Картинаның негізгі өзегі Сымбатты Ілияс пен сұлу Әсия арасындағы махаббат хикаясы төңірегінде өрбиді. Жүргізуші Ильястың Әсия есімді жас әйелі және Самет есімді баласы бар. Бір кездері оларды махаббат сезімі табыстырған еді, бірақ ішімдіктің, қызғаныш сезімінің, Ілиястың үйінде жиі болмауының кесірінен сезімдеріне селкем түседі. Бір күні Ілияс мүлдем жоқ болып кетеді. Жылдар өтеді. Әсия Жәмшит есімді жігітке тұрмысқа шығады. Олар Саметті бірге тәрбиелеп өсіреді. Олардың тыныш әрі жайлы өмірі Ілиястың қалаға келуімен бір сәтте-ақ тас-талқан болады...

«Астанада түрік фильмдері аптасы» аясында орысша субтитрмен көрсетілетін фильмдерді қала қонақтары ақысыз тамашалай алады.

Өзгелердің жаңалығы