Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен жауынгерлерді еске алды

Бүгiн, 13:35
178
Бөлісу:
 ҚР  Жеке құрама атқыштар батальоны
Фото: ҚР Жеке құрама атқыштар батальоны

 Астанада ҚР Жеке құрама атқыштар батальонының тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толуына арналған еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2026 жылғы 6 ақпанда Астана қаласында Жеке құрама атқыштар батальонының тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толуына арналған еске алу іс-шарасы өтті.

Қазақстан Республикасының Жеке құрама атқыштар батальоны 1993 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің сыртқы шекараларын қорғау мақсатында құрылды. Батальонның жеке құрамы күрделі әскери-саяси жағдайда аса жауапты қызмет атқарып, ерлік, жоғары кәсібилік және Отанға адалдықтың үлгісін көрсетті. Батальон тарихы Қазақстан Республикасының әскери шежіресінде ерекше орын алады.

Іс-шара аясында қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан 17 қазақстандық жауынгерді еске алу мақсатында гүл қою рәсімі өтті. Қатысушылар батырлардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады.

Еске алу және салтанатты шаралар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында жалғасты. Іс-шара барысында Жеке құрама атқыштар батальонының тарихы мен жауынгерлік жолына арналған «Борыш пен батырлық» атты деректі фильм көрсетіліп, сондай-ақ осы аттас кітаптың таныстырылымы өтті. 

Астанада тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен жауынгерлерді еске алды

Кітап пен деректі фильмнің авторы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің офицері, подполковник Ж. Кемел. Сонымен қатар, шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Іс-шараға батальон ардагерлері, қазіргі әскери қызметшілер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубы қатысты. Бұл еске алу іс-шарасы батырларды ұлықтауға, тарихи жадыны сақтауға және Отан қорғаушылар ұрпақтарының сабақтастығын нығайтуға бағытталды.

Өзгелердің жаңалығы