Астанада су, көлік кептелісі мен газ мәселелері қалай шешіледі? – Жеңіс Қасымбек жауап берді

8 Сәуір 2023, 23:00
1212
Бөлісу:
Астанада су, көлік кептелісі мен газ мәселелері қалай шешіледі? – Жеңіс Қасымбек жауап берді
Фото: gov.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Atameken business арнасының «Exclusive» бағдарламасына берген сұхбатында баc қаладағы су, жылу, газ, көлік кептелісі мәселелері қалай шешімін табатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елордадағы басты мәселелердің бірі – коммуналдық қызмет, яғни жылу, су, кәріз мәселелері және қала шетіндегі Үркер, Көктал-1, Көктал-2, Өндіріс және басқа да шағын аудандардың инфрақұрылым (жол, су, газ) мәселелері. Бұлардың барлығы қаланың өсуімен тығыз байланысты. Бұл динамика сақталса, осы мәселелерді жыл сайын көтеріп отырамыз. Ол ешқайда кетпейді. Бірақ қазір біз қаланың бас жоспарын жобалап жатырмыз. Оны Үкімет қабылдайды, - деді әкім.

Жеңіс Қасымбек қаланың бас жоспары Президенттің тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін әзірленіп, қабылданатынын жеткізді.

Ендігі жоспарымыз – 2035 жылға дейін қалада қанша тұрғын болатынын және олардың санына сәйкес қандай нысандарды және оларды қашан салу керегі мәселесін шешу, - деп айтты Қасымбек сұқбатта.

Әкім қаланың бас жоспарына қандай өзгерістер енгізілетінін айтты.

Басты мәселе – халықтың саны. Екі-үш нұсқа болады. Мысалы, 2,3 млн, 2,5 млн тұрғын. Осы цифрларға қарай бас жоспарды дайындаймыз. Егер халықтың саны 2,5 млн-ға жетсе, онда қосымша 1 000 Гкал жылу беру қажет. Ол үшін кемінде 3 газ стансасын салу қажет. Жалпы үлкен қалалардың «өмірі» осындай, – деп жоспарды бөлісті ол.

Жеңіс Қасымбек қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілетін кезде тұрғындардың да пікірі ескерілетінін қоса кетті. Әкім апта сайын аудандарға барып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді тыңдайтынын және олар міндетті түрде ескерілетінін айтты.

Ауаны ластамаудың ең басты жолы, шарасы - ол газға өту. Газ «Сарыарқа» жолы арқылы Астанаға келді. Осы жылдың соңына дейін 12 мың жекеменшік үйге газ тарту жоспарда бар. Қазір оның 8 мыңы газға қосылған. Алдағы 3-4 жылдың ішінде 15-20 мың үй газға қосылады, – деп айтты қала басшысы.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек елордадағы денсаулық сақтау жүйесін де сөз етті.

Қалада соңғы үлкен ауруханалар, атап айтқанда, балаларға арналған және екінші қалалық аурухана 10 жыл (2011-2012 жылдары) бұрын салынған. Биылғы жоспарымыз - екі емхананы іске қосу. Келесі жылы 3 емхананың құрылысы аяқталады. Тағы 3 емхана инвестициялар есебінен Есіл ауданында салынып жатыр. Ал қаланың шетіндегі емханаларды әкімдік өзі салады. Соңғы 3-4 жыл ішінде шамамен 30 мың баладан дүниеге келіп жатыр. Яғни перзентхана жетпей жатыр. Енді екі осындай нысан салынады. Оның бірін әкімдік салса, екіншісін министрлік салады. Сонымен қатар министрлік үлкен онкологиялық орталық салып жатыр. Оның құрылысы биыл аяқталады, – деп айтты әкім.

Қасымбектің мәліметінше, алдағы жылдары қаланың өсуіне байланысты көптеген нысан іске қосылады.

Ал «қаладағы көлік кептелісі проблемасы бас жоспарға енгізіле ме?» деген сұраққа әкім былай деп жауап берді.

Көлік кептелісі көбіне үлкен, магистральді көшелерде болады. Мысалы, Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай батыр, Б. Момышұлы, Тәуелсіздік көшелерінде. Ең басты проблема - қаланың екі жағын өзен арқылы қосу. Жыл сайын бір көпір салуымыз керек. Биыл Тәуелсіздік көшесін жалғайтын тағы бір көпір салынады. Көпір дәл уақытында іске қосылса, жоғарыда аталған көшелердегі проблемалар шешіледі. Жаңа жоба Кенесары көшесін жалғастырып, салынған көпір арқылы Есіл ауданына шығады, – деп жоспарды айтты ол.

Әкім қазір астанада көтеріліп жатқан өзекті әрі күттірмейтін су мәселесіне тоқталды.

Биыл су мәселесін шешу үшін насос стансасының құрылысы тамыз айына дейін толығымен аяқталады. Сондай-ақ жылу мәселесін шешу үшін 2 газ стансасы және бір жылу электр стансасы салынады. Осы 4 нысан ең маңыздысы, – деп сөзін қорытындылады әкім Жеңіс Қасымбек.

Өзгелердің жаңалығы