Елорда прокуратурасы медициналық шектеулерібар тұлғалардың көлік жүргізу фактілерін анықтап, көлік жүргізу куәлігінен айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, қайшы көрсеткіштерге ие "Эпилепсия G40" диагнозы бар жүргізушілер көлік басқарған.
Мысалы, жүргізуші рөлде отырған кезде денесі құрысып, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Өз кезегінде аталған тұлға 2021 жылдан бастап эпилепсия диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. Ол ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады қалалық прокуратурадан.
Қазіргі таңда қала прокуратурасының бастамасымен сот 10 адамды жүргізуші куәлігінен айырды.
"Жол жүрісі туралы" Заңының 75-бабына сәйкес, жүргізушінің денсаулығының нашарлауы медициналық қорытындымен расталған жағдайда, көлік басқару құқығын тоқтатуға заңды негіз болып табылады.
Қала прокуратурасы жол бойында денсаулығына қауіп төндіретін адамдарды жүргізуші куәлігінен айыру бойынша жұмысты жалғастырады.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жұмыстың басым бағыты, - деп атап өтті Астана қаласы прокуратурасы.