Астанада «QYZ JIBEK» by Muqagali» атты музыкалық кино-новелланың көрсетілімі өтті

3 Қараша 2023, 19:20
599
Бөлісу:
Астанада «QYZ JIBEK» by Muqagali» атты музыкалық кино-новелланың көрсетілімі өтті
Фото: «Qazcontent» АҚ

Елордада «Qazcontent» акционерлік қоғамы мен Музыкалық жас көрермен театры бірлесе отырып дайындаған «QYZ JIBEK» by Muqagali атты музыкалық кино-новелланың көрсетілімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кино-новелланың ең алғашқы көрсетілімінен кейін театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Асхат Маемиров шығармашылық ұжымның жұмысына алғыс айтып, бағасын берді.

Бұл шығарма «Qazcontent» пен Музыкалық жас көрермен театрының бірлескен жобасы. Новеллада ойнағандардың барлығы біздің әртістеріміз. Басты рольдерде ойнаған Алмаз Абденов пен Аяжан Бағдаттың фильмде көргеніміздей, экрандағы махаббаты шынайы ғашықтыққа айналды. Биыл екі жас отбасын құрды. Біздің театр ұжымының қазан айындағы гастрольдік сапары Жетісу өңірінен басталуы да себепсіз емес еді. Талдықорған қаласында қыз ұзату тойында болсақ, кейін Тараз қаласында Алмаздың шаңырағында келін түсіру қуанышына ортақтасып келдік. Енді кино-новелланың өзінің белгілі уақыты бар, соған ыңғайлап, осындай қайталанбас кадрлар түсіріп, жұп-жұмыр дүние түсірген шығармашылық топқа алғыс білдіреміз! Бұл туынды өміршең болсын!» - деді Асхат Маемиров.

Астанада «QYZ JIBEK» by Muqagali» атты музыкалық кино-новелланың көрсетілімі өтті

«Qazcontent» акционерлік қоғамының шығармашылық тобының жетекшісі Нұртай Башенов фильмге қатысқан ұжымға алғысын білдіріп, «QYZ JIBEK» by Muqagali атты музыкалық кино-новелланың суреті, тизері бейнеленген картинаны қос ғашық, жас отбасы Алмаз Абденов пен Аяжан Бағдатқа сыйға тартты.

Кино-новеллаға ат салысқандарға тоқталсақ, қоюшы-режиссері Дәулет Әуелбеков, режиссері Бауыржан Нұрбай, продюсері Дәулет Ислямов, қоюшы-оператор Нұртай Башенов, оператор Алмасхан Қосаев, сценарий авторы Нұрлан Хавдай және т.б.

Кино-новеллада «Есіңе мені алғайсың», «Ұнатамын мен сені» сияқты өлеңдердің авторы, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтің шығармалары орындалғанын айта кетейік.

Астанада «QYZ JIBEK» by Muqagali» атты музыкалық кино-новелланың көрсетілімі өтті

 

Өзгелердің жаңалығы