Астанада құсбегіліктен халықаралық турнир өтті

13 Қыркүйек 2023, 20:46
843
Бөлісу:
Астанада құсбегіліктен халықаралық турнир өтті
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты

Елорда іргесіндегі Софиев ауылында жыл сайынғы құсбегіліктен Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнир бүгін өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Екі күнге жалғасқан сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен келген құсбегілермен қатар, Қытай, Моңғолия және қырғызстандық құс баптаушылар да қатысты.

Халықаралық доданың ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сабитов және Республикалық құсбегілік федерациясы вице-президенті Жанжігіт Омархан қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Астанада құсбегіліктен халықаралық турнир өтті

«Марқұм құсбегі Күнтуған ақсақалдың құрметіне арналған турнир 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл санап халықаралық турнирдің деңгейіне көтеріліп, еліміздің абыройын асқақтата қазақ құсбегілерінің мәртебесін көтерді. Басты мақсатымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын орындап, жас ұрпаққа ұлтымыздың ұлық өнерін дәріптеу», – деді басқарма басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.

Турнир қаршыға, ителгі және бүркіт сайыстарын қамтыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жарыс келер жылы елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатындар үшін дайындық болмақ.

Атаулы халықаралық турнир биыл Астана төрінде 6-шы рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа әлем чемпионатының жеңімпазы Серікболсын Жалғасұлы, Азия чемпионатының жеңімпазы Арман Қошқаров сынды елордалық спортшылар қатысып өз бақтарын сынады.

Астанада құсбегіліктен халықаралық турнир өтті

Турнир қорытындысы бойынша қаршыға сайысында түркістандық Төлемырза Паңның «Тұйғыны» бірінші орын алды.

Алматы облысынан келген Аян Сейітжанның «Көкжендеті» екінші, атыраулық Арман Қошқаров баптаған «Ақсеңгір» үшінші орынға ие болды.

Ал ителі сайысында елордалық Ерасыл Серікбекұлының «Қаракөзі» үздік атанды. Екінші және үшінші орындар қарағандылық Таңат Оспанқұлов баптаған құстардың еншісінде.

Сонымен бірге, бүркіт сайысында бірінші орынды атыраулық Арман Қошқаров жеңіп алды. Екінші орын елордалық Ерасыл Серікбекұлына бұйырса, ақмолалық Ерлан Кенжетаев тұғырда үшінші көрінді.

Өзгелердің жаңалығы