Бүгін, 23 тамызда Астанада Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған 517 сайлау учаскесі сағат 07:00-де жұмысын бастады. Таңертеңнен бері дауыс беруге келген қала тұрғындарының белсенділігі байқалады. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Сайлау учаскелерінде азаматтардың барлық санатына, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға дауыс беру үшін қажетті жағдай жасалған. Денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар тұрғылықты жерінде дауыс бере алады.
Астаналықтар өз сайлау учаскесінің мекенжайын арнайы веб-сервис пен Telegram чат-боты арқылы, сондай-ақ 109 iKomek бірыңғай байланыс орталығына хабарласып біле алады.
Сонымен қатар бүгін елордада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі, қалалық, экспресс және қала маңындағы қоғамдық көліктерде жол жүру тегін. Бұл тұрғындардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуіне жағдай жасауға бағытталған.