Астанада қоқыс шығару тарифі өседі

14 Ақпан 2025, 12:49
386
Бөлісу:
Астанада қоқыс шығару тарифі өседі
Фото: Арман Мухатов архив

Астана мәслихаты тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, шығару, өңдеу және сақтау тарифін қайта бекітті. Жаңа шешімге сәйкес, көркейтілген сектордағы тұрғындар үшін тариф 637 теңге, ал көркейтілмеген секторда – 679 теңге болып белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұловтың айтуынша, бұған дейін тариф соңғы бес жыл бойы өзгеріссіз қалып, 390 теңгені құрап келген.

Оның сөзінше, Алматыда тариф 718 теңгеге жеткен, ал Қазақстанның шағын қалаларында 400-500 теңге аралығында.

2019 жылдан бері қоқыс шығару тарифі қайта қаралмағанына қарамастан, шығындар күрт өсті.

• Жұмысшылардың жалақысы – 230%-ға,
• Жанар-жағармай бағасы – 90%-ға,
• Шығарылатын қалдық көлемі – 50%-ға артты.

Бұл жағдай сала жұмысының тиімсіз болуына алып келді. 2019 жылы қоқыс шығаратын кәсіпорындардың нақты шығындары 260 млн теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 544 млн теңгеге жетті, – деп түсіндірді Досқұлов.

Мәселені шешу үшін өткен жылы Астанада үш қоқыс шығаратын компания анықталып, 100 жаңа қоқыс тасымалдаушы көлік сатып алынды. 15 мың контейнер қойылып, қоқыс шығару процесін бақылауға арналған арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілді. Нәтижесінде, iKomek 109 арқылы келіп түскен шағымдар саны күніне 100-200-ден аптасына 2-5-ке дейін азайды.

Жаңа тариф әлеуметтік осал топтар үшін 25%-дан 100%-ға дейінгі жеңілдіктерді қарастырады. Льготалар мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға беріледі.

Жаңа тариф қалдықтарды сұрыптауды 20%-ға дейін дамытуға, қоқыс полигондарын жаңғыртуға, сондай-ақ қалдықтарды тұрақты түрде шығаруды қамтамасыз етуге бағытталған. Тарифке қажетті талқылаулар мен аудит жүргізіліп, ол Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес келеді, – деп түйіндеді Досқұлов.

Өзгелердің жаңалығы