Астанада Қазақстан футболының музейі ашылды

5 Қараша 2023, 21:28
585
Бөлісу:
Астанада Қазақстан футболының музейі ашылды
Фото: ҚФФ

Астанада Қазақстан футболының 110 жылдығына орай отандық футболды насихаттау мақсатында Қазақстан футболының музейі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға «Астана» футбол орталығының тәрбиеленушілері, қазақ футболының ардагерлері, отандық футбол клубтарының жетекшілері, Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев пен ұлттық құрама команданың ойыншылары Бауыржан Исламхан мен Ян Вороговский қатысты.

Музейді құруға атсалысқан ұжым 1913 жылы Семейде бастау алған Қазақстан футболының тарихын жаңғырту үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жәдігерлер, деректер мен ақпарат жинау жұмыстарын жүргізді.

Осы оқиғаға орай Қазақстан футбол федерациясына ФИФА және УЕФА-дан құттықтау хаттары келіп түсті.

Бірнеше ай бұрын мен сіздердің әдемі еліңізге барып, Қазақстанда футболға деген керемет құштарлық пен сүйіспеншілікті өз көзіммен көру мүмкіндігіне ие болдым. Музей елдегі футболдың 110 жылдық тарихына, істерге, тұлғаларға, сондай-ақ спортымызды дамытып жатқан барлық адамдарға құрмет көрсетуге өз үлесін қосатыны сөзсіз, – делінген ФИФА президенті Джанни Инфантиноның құттықтау хатында.

УЕФА президенті Александер Чеферин Қазақстан футбол федерациясының УЕФА-ға мүше қауымдастықтар арасында беделге ие болғанын атап өтті.

Қазақстан футбол федерациясын музейдің ресми ашылуымен құттықтағым келеді. Осындай маңызды оқиғалар ұлттық қауымдастықтың дұрыс бағытта дамып, УЕФА-ға мүше қауымдастықтар арасында беделге ие болғанының дәлелі болды. Сіздердің УЕФА клубтық жарыстарына қатысуларыңыз және ұлттық құраманың жетістіктері қауымдастықтың барлық деңгейдегі прогрессін көрсетеді, ал алдағы уақытта еуропалық футболда одан әрі толық бәсекеге түсуге мүмкіндіктеріңіз бар. ҚФФ-ға табыс тілеймін, өйткені сіздер бұл дәрежеге жету үшін ұзақ жолдан өттіңіздер және қазіргі табыстарыңыз – футболмен өмір сүретін және футболды жақсы көретіндерге арналған, – деді ол.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың бастамасымен ашылған музейде Қазақстан футболының тарихы, оның ішінде аты аңызға айналған ойыншылардың жетістіктері мен еліміздегі футболдың дамуындағы маңызды сәттері көрсетіледі.

Айта кетейік, музей қорына кез келген адам футболымыздың тарихына қатысты жәдігерлерді сыйға тарта алады.

Музей жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы