Астанада қалың қар жауды. Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген, үздіксіз режимде жұмыс істеп жатыр. Қар мен мұз қала аумағынан тәулік бойы шығарылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Өткен түнде қаладан ауыр жүк көліктерінің көмегімен 2 538 рейс арқылы 35 мың текше метрден астам қар шығарылды.
21 желтоқсан күні таңнан бастап қар күреу жұмысына шамамен 3 000 жол жұмысшысы мен 1 608 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілінің басынан бері қар полигондарына 63 673 жүк көлігімен 824 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Астанада алдымен негізгі жолдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыс жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіледі. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылады.
Сонымен қатар, аула аумақтарындағы тазалықты сақтау міндеті ПИК пен МИБ ұйымдарына жүктелгенін атап өткен жөн. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің болжамына сәйкес, алдағы күндері елордада ауа райы қарлы болады.
21 желтоқсанда көшпелі бұлт шығады, түнде және таңертең қар жауып, боран соғады. Жел солтүстіктен оңтүстік-батысқа ауысады: түнде 9-14 м/с, күндіз -8 м/с. Ауа температурасы түнде 25-27 градус, күндіз 22-24 градус аяз болады.
22 желтоқсанда боран күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, жылдамдығы 9-14 м/с, екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 21-23 градус, күндіз 8-10 градус аяз болады.
23 желтоқсан күні көшпелі бұлт шығады, күндіз қар жауып, боран соғады. Жел оңтүстік-батыстан 9-14 м/с соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с жетежі. Ауа температурасы түнде 10-12 градус, күндіз 3-5 градус аяз болады.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауды сұрайды.