Астанада Президентті ұлықтау рәсімі басталды

26 Қараша 2022, 10:50
1516
Бөлісу:
Астанада Президентті ұлықтау рәсімі басталды

Астанада жаңа сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекеттік маңызды рәсім Мемлекеттік Ту, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік штандарты және Конституцияны алып шығумен басталды. 

Ұлықтау рәсімі өтетін орын ретінде Тәуелсіздік сарайы таңдалған. 

Салтанатты рәсімге Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Жоғарғы Сот судьялары, елімізде тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысып отыр. 

Ұлықтау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Орталық сайлау комиссиясы жаңадан сайланған Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырады. Сондай-ақ Президент рәсім барысында Қазақстан халқына ант береді. 

Ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Мемлекет басшысы ресми қызметіне кірісті деп саналады. 

Еске сала кетейік, 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 82,45 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы жаңа сайланған Президенттің ант беретін күнін 26 қарашаға белгіледі. 

Бұл жолғы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевқа 8 млн-ға жуық адам дауыс берген. Жаңа Конституция бойынша Президент тақта 7 жыл отырады.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімінің трансляциясы республикалық телеарналардан, интернет-ресурстардан, сонымен қатар «Ақорданың» әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарынан тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы