Астанада патриоттар мен меценаттар марапатталды

17 Ақпан 2023, 21:18
1362
Бөлісу:
Астанада патриоттар мен меценаттар марапатталды
PHOTO
Фото: Нұрсұлтан Назарбаев қоры

Астанада «Қайырымдылық керуені» V республикалық байқауы аясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінде батыл әрі мейірімді қазақстандықтарға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

5 жыл қатарынан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған байқау жүздеген адамды, нағыз патриоттарды, батырлар мен меценаттарды анықтап келеді.

Астанада патриоттар мен меценаттар марапатталды

V байқауға еліміздің барлық өңірінен 969 өтінім келіп түсті. Бұл әртүрлі жастағы жандар. Олардың ішінде адамды ажалдан арашалағандар, қайырымдылықпен белсенді айналысатын, мәдениетті дамытып, жануарларға көмектесетін, қоршаған ортаны жақсартуға атсалысқан қазақстандықтар бар.

«Қайырымдылық керуені» байқауын ұйымдастыру арқылы біз мейірімді жандарды анықтауға әрі ынталандыруға тырысамыз. Қоғамға таныстырамыз, кең пейіл жүрекпен жасаған іс жақсылықты арттырады, бұл көптеген адамға үлгі-өнеге және жаңа игі істерді жалғастыруға түрткі болады, - деді байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы. 

Жеңімпаздарға ақжарма тілегін, жүрекжарды лебізін арнаған шығармашылық ұжымның құтттықтау сөзінен кейін салтанатты рәсім соңында 7 номинация бойынша «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары жарияланды.

Астанада патриоттар мен меценаттар марапатталды

Байқаудың жоғары наградасы – I дәрежелі медальдармен келесі жеңімпаздар марапатталды:

«Туған жер» номинациясы бойынша Латиф Парпиев жеңімпаз атанды. Ол үш рет Қазақстанның үздік еріктісі атанған. «Жаңа туған нәрестелерді ерте оңалту», «Ата-аналарға арналған мектеп» жобасының негізін қалаушы, Бүгінгі күні осы жобалардың аясында медицина қызметкерлеріне, ата-аналарға арналған шеберлік сыныптар өткізіледі. Осы жобаның арқасында Қазақстанда және өзге елдерде 10 000-нан астам бала құтқарылды. Латиф әртүрлі патологиясы бар балаларды диагностикалау және емдеу үшін YouTube арнасын ашты. Бұған қоса, 11 елдің 130-дан астам қаласындағы неонатология бөліміне көмек көрсететін «28 ілмек клубы» қоғамдық қорының еріктісі. «Ozim Platform» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, балаларды оңалту саласында сарапшы; 

«Батыл жүрек» номинациясында Саламат Алламбергенов жеңіске жетті. Ол Астана қаласында 2020 ж. өртке оранған үйден 3 баланы өлімнен құтқарды. 2015, 2017 және 2019 жылы туған балалар анасы су әкелуге кеткенде қараусыз қалған. Саламат көрші үйден түтінді байқап қалып, балалардың дауысын естіді. Ойланбастан оларды құтқаруға асыққан. Үйдің ішіне терезе арқылы кірмекші болады, бірақ оған мүмкіндік жоқ еді. Содан кейін сыртқы есікті бұзып кіріп, бетін матамен бүркеп, бөлменің ортасында құшақтасып жылап отырған екі баланы тапқан. Ал ең кіші үшінші баланы Саламат диванның астында тұншығып жатқан жерінен алып шықты. Оны курткаға орап, далаға шығарып, жасанды тыныс алдырды. Өзі үйге қайта кіріп, өртті сумен өшіріп, бүкіл үйдің өртеніп кетуіне жол бермеді;

- «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бойынша Анар Шәймергенова жеңімпаз атанды. Анар бала кезінен денсаулығына байланысты көп қиналды. 30 жасында екі бүйрегі де істемей қалды. Тек бүйрек трансплантациясы ғана өмірін сақтап қалар еді. Туыстары донор бола алмады. 2021 жылдың маусым айында Анардың жасанды бүйрек аппаратына байланғанына 3 жыл болды. Сол кезде Беларусь Республикасында құны 70 мың доллар тұратын бүйрек ауыстыру ғана құтқара алатын еді. Анар Instagram парақшасында жағдайын баяндады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі халық 6 күн ішінде қажетті соманы жинап, көмек көрсетті. Содан бері 1,5 жыл өтті. Жарты жыл бұрын Минскіде бүйрек трансплантациясы жасалды. Қазір Анар өзін жақсы сезінеді. Блог жүргізеді, сұхбат береді, киноға түседі, отандық трансплантологияның жетістігі мен трансплантолог-дәрігерлер туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, Анар ағза ауыстыруға мұқтаж науқастарға кеңес береді, қолдау көрсетеді, тәжірибесімен бөліседі. Анар «Қазақстан - Минск үміт парағы» қазақстандықтардың бірлестігінің мүшесі. Биыл Минскіде бүйрек трансплантациясы 13 адамға жасалды, ал 15 адам ота жасауға кезегін күтіп отыр; 

- «Мейірім жолында» номинациясы бойынша «Әділ» қайырымдылық қоры жеңіске жетті. Қор 10 жылдан бері жұмыс істейді. Қордың жұмысы Алматы қаласында кеңінен танылған. Қордың қамқорлығында ерекше қажеттілігі бар 320 бала бар. Қор мүгедек арбасын, арнайы матрац, дәрі-дәрмек, сыйлық сатып алды. Қор 2022 жылдың желтоқсанында 2000-ға жуық жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға сыйлық үлестірді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге шаштараз және маникюр өнерін үйренуге, аналар мен балаларға қоймадан киім алуға мүмкіндік берілді. Ай сайын қоймаға 1600-ге жуық отбасы келеді. Бұған қоса, қор азық-түлік, заңгерлік және психологиялық көмек ұйымдастырады;

- «Жануарға мейірім» номинациясында Ерлан Күмісқалиев жеңімпаз атанды. Ол 2013 жылы церебральды сал ауруы, Даун синдромы және орталық жүйке жүйесінің өзге де ауруы бар балаларға арналған канис және иппотерапия бойынша «Атырау - кішкентай ел» ҮЕҰ құрды. Бұл жерде арнайы қажеттілігі бар балаларды оңалту мақсатында арнайы дайындалған иттер көмегі, фелинотерапия (арнайы дайындалған мысықтармен емдеу), иппотерапия әдістері қолданылады. Сонымен қатар иесі жоқ ит, мысық пен жылқыларға арналған баспана бар. Орталық жануарларды зарарсыздандырады, емдейді, бағады. Демалыста мектеп оқушылары үшін 10 күндік лагерь ұйымдастырылады, балалар бос уақытын жануарларға күтім жасаумен өткізеді; 

- «Бала жүрегі» номинациясында Жантөре Серікқан жеңімпаз атанды. 5 жастағы бала 2023 жылдың 5 қаңтарында 112 нөміріне қоңырау шалып, өзін және інілерін өлімнен құтқарды. Жантөре жер үйде күйіктің иісі шыққанын дереу құтқару қызметіне қоңырау соғып жеткізген. Оқиға орнына құтқарушы бригадалар тез арада келіп, балаларды жедел медициналық жәрдем дәрігерлеріне тапсырды;

- «Асар» номинациясында Мәдина Жорабаева жеңімпаз атанды. Мәдина - Тараз қаласынан шыққан патронат тәрбиеші. 5 баласы бар. 2019 жылы жұбайымен бірге «Қамқор» балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінен өзінің қолында тәрбиелеу үшін психоневрологиялық ауытқуы бар 9 баланы қабылдаған. Мәдина балаларға ұлттық стильде қолөнер жасауды үйретеді. Соның арқасында балалар айтарлықтай дамыды. Олар матамен және басқа материалдармен жұмыс істеуді үйренді. Әлеуметтік желі арқылы Мәдинаның тәрбиесіндегі балалардың жетістіктерін естіген қазақстандықтар олардың кәдесыйларына тапсырыс бере бастады.

Астанада патриоттар мен меценаттар марапатталды
Өзгелердің жаңалығы