Астанада ЛГБТ-ның кәмелетке толмағандарға әсеріне арналған зерттеу нәтижелері бойынша сараптамалық талқылау өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманованың айтуынша, бұл жұмыс 2024 жылдың мамыр айында түскен ЛГБТ үгіт-насихатына толық тыйым салу туралы петицияны қарастырудың жалғасы ретінде қолға алынған.
Петиция ішінара қолдау тапты. Атап айтқанда, жасөспірімдерді жыныстық қатынастарды үгіттеу мен насихаттаудан қорғау қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Осы бағытта құрылған жұмыс тобының аясында депутаттар мен сарапшылар бұл мәселеге қатысты ғылыми зерттеу жүргізуді ұсынды, – деді Құрманова.
Оның айтуынша, зерттеу жұмыстарын уәкілетті мемлекеттік органдар мен бірқатар тәуелсіз сараптамалық ұйымдар жүргізген. Жобаның үйлестірушісі ретінде "Өркендеуге жәрдемдесудің Ұлттық қоры" қоғамдық қоры белгіленіп, зерттеуді өз қаражаты мен тартылған сарапшылардың көмегімен қаржыландырған.
Мәселенің сезімталдығын және қоғамда үлкен пікірталас тудырып отырғанын ескере отырып, алынған мәліметтерді жан-жақты әрі кешенді түрде талқылау маңызды, – деп атап өтті вице-министр.
Талқылауға қатысушылар қатарында депутаттар, мемлекеттік органдар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, ғалымдар, педагогтар, психологтар және медиа саласының мамандары бар. Іс-шара қорытындысы бойынша жастар аудиториясымен және осы саладағы ақпараттық саясатпен жұмыс істеуге арналған ұсыныстар пакеті әзірленеді деп күтіледі.