Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада көпбалалы ана тұрғын үй кезегінен алынып тасталған

28 Тамыз 2025, 09:42
614
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Астанада "Алтын алқа" иегері, жеті баланың анасы тұрғын үй кезегінен заңсыз алынып тасталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әйел 2009 жылдан бері мемлекеттік қызметкер әрі көпбалалы ана ретінде кезекте тұрған. Алайда оның күйеуі мен туысының бұған дейін жылжымайтын мүлікке иелік еткені жөніндегі ақпаратқа сүйеніп, кезектен шығарып тастаған. 

Осыған байланысты әйелге қалалық тұрғын үй инспекциясымен ұзақ уақыт соттасуға тура келген.  

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар тұрғын үй инспекциясының әрекетін заңсыз деп танып, әйелдің тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы қаулы шығарды, - деп жазылған хабарламада. 

Жоғарғы сотта атап өткендей, "Алтын алқа" иегері атанған, тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және заңды тәртіппен кезекке қойылған аналарды бұл кезектен шығарып тастауға болмайды.

Сот актілерінде "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының нормаларына сәйкес, "Алтын алқа" белгісімен марапатталған көпбалалы аналар мұқтаж деп танылып, белгіленген тәртіпте есепте тұрған болса, тұрғын үй алғанға дейін кезектен шығаруға болмайтыны баса көрсетілген. 

Сот сондай-ақ бұрын санитарлық-техникалық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйлердің болуы, егер азамат қазіргі уақытта мұқтаждықты жалғастыра берсе, кезектен шығаруға негіз бола алмайтынын атап өтті. 

 

 

Өзгелердің жаңалығы