Фото: Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күніне орай өтіп жатқан айлық аясында Астанада тұрғындарға арналған ақпараттық-профилактикалық акция ұйымдастырылды.
Іс-шараны Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Астана қаласы бойынша Ұлттық сараптама орталығының филиалымен бірлесіп «Астаналық» базарында өткізді.
Акция барысында сатып алушылар өздері сатып алған көкөніс пен жеміс-жидектегі нитрат мөлшерін тегін тексерте алды. Мамандар өнімдерді жедел әдіспен зерттеп, келушілерге азық-түлік өнімдерін дұрыс таңдау, сақтау талаптарын сақтау және тауарды тек ресми сауда орындарынан сатып алудың маңызы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесінде зерттелген өнімдердің ешқайсысынан нитрат мөлшерінің рұқсат етілген шектен асқаны анықталған жоқ. Мамандардың айтуынша, тексерілген барлық өнім қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес келген.
Мұндай акциялар халықтың азық-түлік қауіпсіздігі туралы ақпараттануын арттыруға және жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Осыған байланысты Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға азық-түлік өнімдерін тек ресми сауда орындарынан сатып алуға кеңес береді. Сондай-ақ өнімнің сыртқы түріне, сақтау жағдайына, жарамдылық мерзіміне және қаптамасының бүтіндігіне назар аударып, сапасына күмән туған жағдайда сатып алудан бас тартуға шақырады.