Астанада инновациялық Smart Class сыныбы ашылды

Жоба білім беру сапасын арттыруға және оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған.

 Үкіметтің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 21:52
Бүгiн 2026, 21:52
126
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана қаласындағы №99 орта мектепте заманауи технологиялармен жабдықталған TopIQ Smart Class инновациялық білім беру кеңістігі ашылды. Пилоттық жоба қала әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашық сабаққа қатысып, жаңа жүйенің мүмкіндіктерімен танысты. Сабақ барысында смарт сыныптың негізгі функциялары мен оның білім беру үдерісіндегі практикалық әлеуеті көрсетілді.

TopIQ Smart Class – смарт үстел, смарт парталар және смарт тақтадан тұратын біртұтас цифрлық экожүйе. Жүйеде оқу процесін автоматтандыруға және әр оқушының деңгейіне бейімдеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиялары қолданылған. Бұл оқытуды интерактивті әрі дербестендірілген форматта ұйымдастыруға жол ашады.

Вице-премьер инновациялық технологияларды енгізуде байыпты көзқарас қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық шешімдердің білім сапасына ықпалы жан-жақты сараланып, дәстүрлі оқыту әдістерімен үйлесімді қолданылуы тиіс.

«Мұндай форматтардың оқу процесіне әсерін нақты түсіну маңызды. Дәстүрлі білім беру жүйесі өз маңызын жоғалтпауы керек. Әр баланың жеке ерекшелігін ескеретін сараланған тәсіл қажет», – деді министр.

Инновациялық сынып 25 смарт партамен жабдықталған. Әр оқушы жеке цифрлық кеңістікте жұмыс істеп, электронды оқулықтарды пайдалана алады, тапсырмалар орындайды, 3D модельдеу мен шығармашылық дағдыларын дамытады.

Жасанды интеллект жүйесі оқушылардың үлгерімін талдап, тапсырмаларды автоматты түрде бейімдейді. Мұғалім смарт үстел арқылы әр оқушының жұмысын нақты уақыт режимінде бақылап, қажет кезде қолдау көрсетеді.

Жоба білім беру сапасын арттыруға және оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған.

Наверх