Астанада газдандыруды жеделдету үшін қаржыландырудың жаңа моделі енгізіледі

Қазір инвестормен келісімшарт жасау мәселесі пысықталып жатыр.

 unsplash.com 23 Шілде 2026, 08:37
23 Шілде 2026, 08:37
244
Фото: unsplash.com
Астанада газдандыру жұмыстарын кідіріссіз аяқтау үшін жобаны қаржыландырудың жаңа тетігі енгізілмек. Бұл туралы қалалық Энергетика басқармасы басшысының орынбасары Ануарбек Исенәлиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір инвестормен келісімшарт жасау мәселесі пысықталып жатыр.

Инвестор барлық газ құбырларын өз қаражаты есебінен бір-екі жылдың ішінде толық салып бітіреді. Құрылыс аяқталғаннан кейін ғана қаражатты төлей бастаймыз. Бұл тұрғындар үшін де тиімді, өйткені барлық жұмыс қысқа мерзімде аяқталады, – деді Ануарбек Исенәлиев.

Ол жобаның сәулет басқармасымен және уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілетінін атап өтті. Жаңа қаржыландыру моделі қаржы тапшылығына байланысты үзілістерге жол бермей, газдандыру жұмыстарын үздіксіз жалғастыруға мүмкіндік береді.

Жобаға сәйкес, инвестор нысанды өз қаражатына «кілтпен тапсыру» қағидаты бойынша салып, кейін оны қала балансына өткізеді.

Қоғамдық кеңес мүшесі Салтанат Тұрсынбекова да бұл тәсілді қолдады. Оның айтуынша, бұрынғы жүйеде тұрғындар газға қосылу үшін сараптамадан өздері өтіп, мердігер ұйымдарды өз бетінше іздеуге мәжбүр болған.

Есептеген кезде жеті-сегіз компаниямен қатар жұмыс істегеніміз белгілі болды, – деді ол.

Наверх