9 маусым күні Астанада Тәшенов көшесінде газбаллон жабдығы орнатылған Toyota Aristo автокөлігі өртеніп кетті. Оқиға туралы Astanovka98 телеграм-арнасы хабарлады.
Көлік иесі Даниланың айтуынша, ол жолда келе жатқанда алдымен көліктен түтін шыққан. Артынша жалын тез күшейіп, автокөлік әп-сәтте өртене бастаған.
Әдеттегідей келе жатқам, кенеттен неден екені белгісіз түтін шықты. Сосын газ жана бастады. Капотты ашқанымда от лап етіп, мені сәл шарпып өтті, – деді жүргізуші.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына шамамен 10 минуттан кейін жеткен. Дегенмен осы уақыттың ішінде көлік толықтай жанып кеткен.
Маған оны есептен шығарып, металл сынығына өткізу ғана қалды. Дегенмен көлік өте сапалы еді. Менің кеңесім – адамдар газ қондырмасын, – деді астаналық тұрғын.
Жүргізушінің айтуынша, ол 1996 жылы шыққан Toyota Aristo көлігін газбаллон жабдығымен бірге 2,2 миллион теңгеге сатып алған. Данила сақтандыру компаниясы мұндай шығынды өтемейтінін, себебі сақтандыру тек жол-көлік оқиғасы кезінде ғана қарастырылатынын айтты.