Астанада Ресей Федерациясынан фитосанитариялық талаптарды бұза отырып әкелінген сәндік өсімдіктер жойылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
Заң бұзушылықты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық мемлекеттік фитосанитариялық инспекторлары фитосанитариялық бақылау барысында анықтады.
Тексеру кезінде сәндік өсімдіктердің экспорттаушы елдің өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі ұлттық ұйымы беруге тиіс міндетті фитосанитариялық сертификатсыз Қазақстан аумағына әкелінгені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша заңды тұлғаға қатысты өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды.
Фитосанитариялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүк иесіне заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Кейін өнім иесі ұсталған сәндік өсімдіктерді өртеу арқылы жою туралы шешім қабылдады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағына карантинге жатқызылған өнімдерді тек экспорттаушы ел берген фитосанитариялық сертификат болған жағдайда ғана әкелуге рұқсат етілетінін еске салды.
Ведомствоның мәліметінше, бұл талаптар қауіпті карантиндік зиянкестер мен аурулардың ел аумағына енуі мен таралуына жол бермеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.