Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ поэзиясының падишасы атанған қаламгердің шығармашылық мұрасын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
Фариза Оңғарсынова қаншалықты өр мінезді, өршіл рухты болса, соншалықты кеңпейіл, жүрегі жұмсақ жан еді. Оның өлеңдері – рухани еркіндіктің, адамгершілік пен әділеттің, сыршыл сұлулықтың символы. Халық қалаулысы, қоғам қайраткері ретінде мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздік мұраттарын орнықтыру ісіне үлкен үлес қосты. Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстап, соңына көптеген шәкірттер ертіп, ғибратты өмір сүрді. Бүгінгі іс-шара – Фариза Оңғарсыноваға деген құрметтің бір көрінісі ғана. Оның өнегелі өмір жолын, өшпес мұрасын ұлт болып ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ парыз, – деді министр.
Іс-шара аясында Фариза Оңғарсынованың жеке текті қоры салтанатты түрде ашылды.
Мерейтойлық жиын барысында "Сезім мен сыр: Фариза Оңғарсынованың өмір белестері" атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ақынның өз қолымен жазған отбасылық шежіресі мен өмірбаяны, бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттері және хаттарынан жинақталған 50-ге жуық құжат таныстырылды.
Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс аясында 3000 дана таралыммен жарық көрген «Фариза Оңғарсынова. Таңдамалы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шара "Астана Опера" театрында өткен әдеби-сазды кешпен жалғасты.
Айта кетейік, кейінгі айларда ел өңірлерінде ақын шығармашылығына арналған жалпы саны 70-тен астам мәдени-рухани кеш өтті.