Астанада есірткі жарнамалайтын граффитилерді бояу бойынша рейд өтті

22 Қыркүйек 2024, 04:21
397
Бөлісу:
Астанада есірткі жарнамалайтын граффитилерді бояу бойынша рейд өтті
Фото: gov.kz

"Тоқта, вандал!" акциясы аясында елорданың Сарыарқа ауданында "Нашақорлыққа жол жоқ" ұранымен профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ тыйым салынған заттарға тәуелді елорда тұрғындарының санын азайту.

Елордада есірткі заттарының таралу фактілерінің алдын алу бойынша ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Басты бағыттардың бірі – телеграм-арналар немесе сайт сілтемелері көрсетілген қоғамдық орындардағы есірткі граффитилерін бояу. Бүгінде еріктілермен бірлесіп, оларды бояу жұмысы жүргізіліп жатыр, – дейді Сарыарқа ауданы әкімдігінің қызметкері Дамир Хисматуллин.

Акцияны мемлекеттік органдар, жастар ұйымдары, мәдениет қайраткерлері мен спортшылар, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқалар қолдады.

Бүгін біз есірткі заттарының таралуына қарсы күреске бағытталған «Нашақорлыққа жол жоқ» ұранымен ауқымды акция өткізіп жатырмыз. Осы жылдың басынан бастап Сарыарқа ауданының ҚП қызметкерлері есірткі жарнамалайтын 500-ге жуық граффитиді бояды. Естеріңізге сала кетейік, есірткі граффитиін салу қылмыс болып саналады. Граффити-жазулар жазғаны және интернетте есірткі сату туралы мәліметтерді таратқаны үшін қылмыстың ауырлығына байланысты үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, ҚР ҚК 299-1-бабы бойынша жаза қарастырылған. Бұл қылмыстың куәгерлері «102» нөмірі бойынша хабарлау керек, – деді Астана қаласы полиция департаменті Сарыарқа ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Берік Уақбаев.

Профилактикалық іс-шара барысында аудандық полицияның учаскелік инспекторлары учаскелерді аралап, есірткі жарнамасы бар граффитиді анықтады.

Полиция мен елорда әкімдігі азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне ұқыпты қарауға шақырады. Кез келген құқықбұзушылық анықталады және жауапкершілікке әкеп соғады.

Өзгелердің жаңалығы